Спорт

Ректор кубогы үшін қазақ күресінен республикалық турнир бастау алды

Бозкілемдегі бәсеке! Петропавлда М.Қозыбаев атындағы СҚУ-і ректорының кубогы үшін / қазақ күресінен республикалық ашық турнир бастау алды. Тұңғыш рет жалауын желбіреткен дода / “Тұлпар мініп, ту алған” ұлттық жобасы аясында ұйымдастырылып отыр. Оған белді де білекті 80-нен астам палуан қатысуда.

Боз кілемде 82 келі салмақтағы жігіттер белдесуде. Бұл дәрежеде өнер көрсетуге алғаш болып шығысқазақстандық пен көкшетаулық саңлақтар шықты. Қос қарсылас тең деңгейде күресіп жатыр. Екеуі де білекті палуандар. Бір-біріне дес берер емес. Бірақ, бүгін сәттілік шығыстық жігіт Ерсін Сейтқазыновтың жағында болды. Ол бүк әдісін оңтайлы қолданып, ұпайын еселеуде. Осылайша кездесу соңында қарсыласынан басым түсті.

Ерсін Сейтқазынов – жарысқа қатысушы, ШҚО:

– Бірінші кездесуде жас балуынмен кездестім. Өзімнің ойлаған айла-әдістерім арқылы жеңіске жетттім. 48 Әр спортшы жарысқа жеңу үшін келеді. Ұзақ карантиннен кейін жарыстар басталып жатыр. Бұл дода Қазақстан кубогы мен чемпионатқа деген дайындық деп есептеймін.

Жарысқа 6 облыстан 80-нен астам саңлақ қатысуда. Олар екі күн бойы 9 салмақ дәрежесінде күш сынасады. Айта кеткен жөн, ертең жарыс қызи түспек. Өйткені, боз кілемге түйе палуандар шығады. Дәл осы спортшыларға ұйымдастырушылар тарапынан қомақты жүлде бөлінген екен. Бас жүлдені еншілеген спортшы 300 мың теңгемен қанжығасын майлайды.

Айдарбек Құдыкенов – М.Қозыбаев атындағы СҚУ “Сұңқар” спорт клубының жетекшісі:

– Бүгін бізде алғаш рет республикалық ректор кубогы өткізіліп жатыр. Республикалық деңгей болғаннан кейін, жарыс жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Спортшылар да мықты.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлердің есімі ертең белгілі болады. Жүзден жүйрік атанған спортшыларға мақтау қағазы, ақшалай сыйлық және кубок беріледі.

Алдияр Айтпаев