Өңірде малдарды көктемгі вакциналау науқаны жүргізілуде

Ауыл шаруашылығы

20:50 2 Сәуір 2021

Солтүстікқазақстандық мал дәрігерлері үй жануарларына қауіпті дерттерге қарсы екпе қоюда. Мамандар наурыз айынан бері өңірдегі төрт түліктің 30 пайызын вакциналапты. Төрт аяқтылардан бөлек, бүгінде облысымыздағы құстар да иммундау шарасынан өтуде.

Мамлют ауданында үй жануарларын вакциналау шарасы ағымдағы жылдың наурыз айында басталды. Екпе тұяқтыларға қарасан, пастереллез сынды қауіпті ауруларға қарсы қойылуда. Мал дәрігерлері жоспар бойынша науқанды жылына 2 рет жүргізеді. Яғни, көктем-күзде төрт түлікке екпе салады.

Алтынай Қазиқан – тілші:


–  Мал дәрігерлері үй жануарларына екпе салмас бұрын алдымен қан алады. Бұл тұяқтылардың бойында бруцеллездың бар-жоғын анықтау үшін қажет. Онымен қоса, мамандар үй жануарларын туберкулезге аллергиялық белгілер арқылы тексереді. Егер 3 күннен кейін ауру белгілері анықталмаса, ветеринарлар қайтадан келіп, тұяқтыларға екпе салады.

Мамандар бүгінге дейін аудандағы 9 мыңнан астам үй жануарын бруцеллез ауруына тексерген. Және 6 мың ірі қараның бойында туберкулездің бар-жоғын анықтау үшін сынама алған. Қуанышқа орай, бірде біреуінен індет белгілері байқалмапты.

Алтай Шорманбаев – Мамлют аудандық ветеринарлық станциясының маманы:

– Мамлют ауданында 6 мың сиыр қарасанға қарсы вакциналанды. Жоспар бойынша 18 мың ірі қараға екпе салыну керек. Ал кебенек, топалаңға қарсы 4 мың ұсақ мал иммундау шарасынан өтті. Енді 6 мыңына вакцина салу қажет.

Жалпы, мал дәрігерлері бүгінге дейін Мамлют ауданындағы үй жануарларының 70 процентін вакциналаған. Көктемгі науқанда мамандар тұяқтылардан бөлек, құстарға да жаппай екпе қоюда.

Алтай Шорманбаев – Мамлют аудандық ветеринарлық станциясының маманы:

– Біздің ауданда 70 мыңға жуық құс бар. Оның 30 пайызына екпе қойылды. Бұл жұмыстар да наурыз айында басталған болатын. Науқан мамырға дейін жалғасады. Оған дейін бекітілген жоспарға сәйкес, барлық қанаттыны вакциналаймыз деп отырмыз.

Сөз соңында облыстағы жағдайға тоқталайық. Бүгінде өңір тұрғындарының иелігінде 625 мың жануар бар. Оның 30 процентке жуығы қауіпті ауруларға қарсы вакциналаныпты.

Алтынай Қазиқан

Бұдан әрі оқыңыз

Кәсіптен нәсіп тауып отырған жандар
Тимирязев ауданында ірі қара құтыру ауруына шалдықты
Өнімді картоп өсірудің жаңа әдісі