Аптадағы маңызды жаңалықтар

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары: қиыншылықтар мен қуаныштар

Тәуелсіздік мерейтойына арналған сюжеттер циклі жалғасуда. Осы жолы өңір тұрғындарымен егемендіктің алғашқы жылдарына оралып, қиындығы мен қуанышы қатар жүрген кезеңді еске алуды жөн көрдік. Тып-типыл бос дүкен сөрелері, жұмыссыздық, жылу мен жарықтың жоқтығы. Тағы айлап төленбеген зейнетақы мен жалақы. Қазақстанның аяққа тұруына өз үлесін қосқан Ескендір Елеусізов біздің түсірілім тобымен естеліктерімен бөлісті. 90-шы жылдардың басында жерлесіміз совхоз басқарып, кейін аудан әкімі болып қызмет еткен.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары өте қиын болды.

– 1991 жыл. Қазақстан ғасырлар бойы аңсаған егемендігіне қол жеткізді. Бірақ, Тәуелсіздік турасындағы иллюзия көп күттірмей сейілді. Бірден аяққа тұрып, дамыған ел боп кетеміз деген арман алшақтай берді, алшақтай берді. Посткеңестік мемлекеттермен арадағы экономикалық байланыс үзілді, жұмыссыздық белең алып, қазынадағы қаражат күннен-күнге азайды. Республика өзінің проблемаларымен өзі жалғыз қалды.

Ескендір Елеусізов – облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы:

– Өндіріс тоқтап қалды. Бір нәрсе шығару үшін оның құрамасын басқа мемлекеттен алу керек. Зауыттар бұрын Қорғаныс министрлігіне жұмыс істеген. ПЗТМ ракета шығарған, Киров зауыты рация шығарған. Енді ол заттар керек болмай қалғандықтан, зауыт тоқтап қалды.

Тұрақтылықтың ауылы алыста еді, халықтың жағдайы жылдан жылға ушыға берді. Нағыз жоқшылық пен қиыншылықты Ескендір Есмақұлы 1995 жылы сол кездегі Пресновка ауданының әкімі болғанда сезінген екен. Жұмыс іздеп сандалғандар көбейді, дүкен сөрелері тып-типыл бос болды. Ақша дегенді жұртшылық ұмыта бастады. Білдей бір облысты электр энергиясымен қамтитын Жылу электр орталығының жағатын көмірі болмай, қазандықтар бірінен соң бірі сөндірілді. Жарық тұрғындарға тәулігіне тек 5-6 сағатқа қана берілді. Санаулы уақытты Пресновкадаға жалғыз наубайхана барынша тиімді пайдалануға тырысты. Алайда, амал нешік, 9 мың адамға тек 700 бөлке нан пісірілді.

Ескендір Елеусізов – облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы:

– Енді есептеңіз, 9 мың адамға – 600-700 бөлке, ол кімге жетеді? Халық таңғы 5-6-дан тұрып, нанға баратын. Кімге жетпейді, барлығы әкімдік алдына келеді. Пенсия берілмейді, жалақы берілмейді, бірақ “Нан неге жоқ?” деп сұрақ қоятын. Сол сұрақтары орынды еді.

Десе де, тұрғындар шыдамдылық пен ұйымшылдық танытты. Өзгерістер болады деп сенді. Сол сенімді ақтау үшін басшылық та қолдан келгенше еңбек етті.

Ескендір Елеусізов – облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы:

– Мынау кісі пенсияны 3 ай бұрын алды, оған әлі бермейміз. Ал мына кісі жарты жыл алған жоқ, осыған пенсия береміз» деп аудан әкімі өзінің орынбасарларымен осылай пенсия бөлетін». Жалықыны ұнменен, қантпенен, жармамен беретінбіз. Солай күн көрдік.

Егемендіктің алғашқы онжылдығында қиындықтармен бірге жағымды жаңалықтар жүрмеді емес, жүрді. Экономикалық жағдайға қарамастан елдігіміз нығайды, халықаралық дәрежедегі беделіміз арта түсті.

Ескендір Елеусізов – облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы:

– Елбасының халыққа жасаған үлкен қызметі – шекарамызды бекітуі. Екіншіден, мемлекеттік рәміздер қабылданып, төл теңгеміз айналымға енгізілді. Үшіншіден, Қазақстанның беделін әлем деңгейінде асқақтатқаны – Семей полигонының жабылуы.

Кеңес үкіметі заманында ядролық қару ошағы болып Қазақстан таңдалды. Ал держава ыдырағаннан кейін, атом бомбасының қуаттылығы бойынша еліміз әлемдік тізімде 4-ші орынға жайғасты. Бізбен өз пайдасы үшін достасқысы келген мемлекеттер кезекке құрылды. Барлығы ядролық қару үшін ақша беріп, экономика жағынан мығым қолдау көрсетеміз деген уәделерін үйіп-төкті. Бірақ, Қазақстан дәл сол сәтте басты құндылығы, яғни халқы үшін қауіпсіз жолды таңдады.

Бұл – Қазақстан Тәуелсіздігінің алғашқы жылдарындағы көрініс. Қуаныш та, қиыншылық та мұнда болды. Бірақ, халық пен мемлекет бірігіп, барлығына төтеп берді. Еліміздің қуаттылығы да осында.

Эльмира Садвокасова