Спорт

Жергілікті “Bars” БК чемпионатты қорытындылады

“Bars” баскетбол клубы чемпионатты қорытындылады. Биылғы жарыста жерлестеріміз сәтті өнер көрсетіп, алғаш рет алтыннан алқа тағынған болатын.

Ел біріншілігінің шешуші кезеңі Щучинск қаласында ұйымдастырылған. Онда солтүстікқазақстандықтар Алматы, Қарағанды, Атырау, Павлодар, Түркістан қалаларының спортшыларымен кездесу өткізіпті. Барлығында бәсекелестеріне лайықты қарсылық көрсеткен екен. Жалпы, жерлестеріміз чемпионатта 45 ұпай еншілеп, жеңімпаз атанып отыр.

Михаил Дедов – “Bars” БК жаттықтырушысы:

– Қарсыластарымыздың ең мықтысы алматылық жігіттер болды. Олармен ойын тартысты өтетіндігін біліп, алдын ала қызу дайындалдық. Төккен тер зая кетпеді. Қарсылас ұжымды тізе бүктірдік. Чемпионатта топ жарғанымызға өте қуаныштымыз.

Айта кеткен жөн, біздің құрамада тек солтүстікқазақстандық жігіттер ойнайды. Яғни, командада сырттан келген баскетболшы жоқ. Чемпионатта 2 жерлесіміз “Лиганың ең үздік ойыншысы” атағын жеңіп алыпты. Солардың бірі – Максим Налогов.

Максим Налогов – “Bars” БК ойыншысы:

– Жерлестеріміз біріншіліктің басынан соңына дейін қолдау көрсетті. Бізге сенім артқандарыңыз үшін алғысымды білдіремін! Бұл тек құраманың ғана емес, сіздердің де жеңістеріңіз! Алдағы уақытта бұдан да жақсы жаңалықтармен қуантатын боламыз.

Команда үшін бұл жеңістің орны тым бөлек. Себебі, теріскейлік құрама өңір тарихында алғаш рет дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын жарыста жеңіске жетіп отыр.

Маржан Касымбек