Су тасқыны

Сәуірдің 5-ші жұлдызынан өңірде қар күрт ери бастайды

Сәуірдің 5-ші жұлдызынан өңірде қар күрт ери бастайды. Бұл туралы Қазгидромет мамандары өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында айтты.

Көктем келгелі 79 елді мекеннің 6 мың тұрғыны тақымдарын қысып отыр. Ал, атқарушы билік өкілдері мен құтқарушылар болса, күн-түн демей тасқынның алдын алу жұмыстарын атқаруда. Әзірге, жағдай тұрақты. Бірақ, ахуал лезде өзгеруі мүмкін.

Наталья Левина – “Қазгидромет” АҚ СҚОФ директорының орынбасары:

– Сәуірдің басында өлкемізде солтүстік-батыс циклоны келеді. Қар мен жауын-шашын түседі деп күтілуде. Күндіз ауа температурасы плюсты, түнде минусты көрсетеді. Айдың 5-ші жұлдызынан кейін күн күрт жылынып, қар еритін болады.

Өзен-көлдердегі мұздың да еритін түрі жоқ. Бүгінде оның қалыңдығы 99 см-ді құрайды. Былтыр дәл осы кезеңде көрсеткіш 73 см болған екен.

Наталья Левина – “Қазгидромет” АҚ СҚОФ директорының орынбасары:


– Бүгінде Сергеев қоймасындағы су деңгейі – 710 см, яғни 85 пайызға толып тұр. Сәуірдің алғашқы онкүндігінде өңірдегі кіші өзендердің деңгейі артып, көрсеткіш өседі. Болжам бойынша гидроторапқа 2 млрд текше метр су құйылады. Сол сетте нысанның толуы нормадан 60 пайызға артық болмақ.

Қызыл судың келуі бірнеше факторға байланысты. Қазір құтқарушылар қолдан келгенше тасқынның алдын алуға кіріскен. 15 наурыздан бастап облыс аумағындағы өзендердің проблемалық жерлерінде жарылыс жұмыстары жүргізілуде. Бүгінде шаруа жалпы ауданы 3400 шаршы метр болатын жерде тәмамдалған. Тағы қар шығару ісіне де қарқын қосылды. Елді мекендерден 2 млн текше метр ақ ұлпа шығарылған. Ал, төтенше жағдай орын алса, күреске 500-ге жуық маман, 200-ден аса техника жұмылдырылмақ.

Мұрат Қанғожинов – СҚО ТЖД бастығының орынбасары:


– Жағдай ушығатын болса, тағы 1900 адам, 1500 бірлік техника тартылатын болады. Бүгінде тасқынмен күреске 190 тонна жанар-жағармай, 32 мың тонна инертті материал мен 28 мың дана құм салынатын қап дайын тұр.

Құтқарушылардан бөлек, эвакуациялық пунктер де сақадай-сай. Халықты уақытша орналастыруға арналған 325 нысан жарақтандырылған. Олардың жалпы сыйымдылығы – 35 мың адамды құрайды. 

Эльмира Садвокасова