Әр түрлі

СҚО-да биыл 26 мың адам еңбекпен қамтылмақ

Биыл өңірде 26 мың адам екі қолға бір күрекпен қамтылып, 12 мың жаңа тұрақты жұмыс орны құрылмақ. Тағы, 8 300 адамға атаулы әлеуметтік көмек көрсетілмек. Бұл жайлы өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында өткен брифинг барысында айтылды.

Онлайн жиында мамандар алдымен жұмыссыздықтың алдын алу мақсатында 2020-шы жылы облысымызда қандай істер атқарылғанын баян етті. Айтуларынша, былтыр өңірде 13 мың жаңа қызмет орны ашылыпты. Ал екі қолға бір күрек тапқандардың жалпы саны 30 мыңға жуықтайды. Сондай-ақ, «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы бойынша мыңнан астам адам түрлі курстардан өтіп, білім алған. Кәсіппен айналысқысы келетін азаматтарға 3 млрд 671 млн теңгенің несиесі мен гранты берілген.

Алмаз Қошманов – СҚО жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы:


– Сонымен қатар былтыр 6 мыңнан астам адам жұмыспен қамтудың белсенді шараларымен қамтылды. Ал, 13 мыңға жуығы жұмысқа орналастырылды. Және 2021 жылы ҚР Премьер-Министрі мен облыс әкімі арасында жасалған меморандум аясында 26 мың адамды еңбекпен қамту және 12 мың жаңа тұрақты жұмыс орнын құру жоспарланып отыр.

Брифингте өткен жылы халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын азаматтарға қолдау көрсетілгені жайлы да айтылды. Былтыр арнайы санатқа енген жерлестерімізге мемлекеттік бағдарлама аясында баспана беріліп, қаржылай көмек көрсетілген. Айта кеткен жөн, бүгінде облыста 26 мыңнан астам мүгедек жан тұрады. Олардың 82 проценті қажетті техникалық құралдармен және оңалту қызметтерімен қамтылыпты.

Алмаз Қошманов – СҚО жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы:
 

– 2021 жылы атаулы әлеуметтік көмекпен 8 300 адамды, ал кепілді әлеуметтік пакетпен 2233 баланы қамту жоспарланып отыр. Айта кету керек, былтыр Әлеуметтік қызметтер порталы сынақтан өткізілді. Ол жүйе мүгедек адамдарға тауарды немесе қызметті өздімен таңдауға мүмкіндік береді.

Алмаз Қошмановтың сөзінше, өткен жылы жоспарланған істер толығымен жүзеге асырылған. Биыл да жоспарды орындау көзделіп отыр.

Алтынай Казиканова