Энергетика

Өңірде электр энергиясы қымбаттауы мүмкін

Өңірде электр энергиясы 12%-ға қымбаттауы мүмкін. Тарифті өсіру жайлы ұсынысты жергілікті “Севказэнерго” акционерлік қоғамы Энергетика министрлігіне жолдапты. Нақты шешім бір айдың ішінде қабылданбақ.

Бүгінде “Севказэнерго” серіктестігі 157 мың жерлесімізді электр энергиямен қамтамасыз етіп отыр. Оның 90 мыңнан астамы – петропавлдықтар. Қазір солтүстікқазақстандықтар үшін 1 кВт электр энергиясының құны 8,38 теңгені құрайды. Алдағы уақытта бұл сома 10 теңгеден асуы мүмкін. “Тарифтің өсуіне нарықтағы өзгерістер себеп болып отыр”, – дейді “Севказэнерго” АҚ бас директоры Игорь Татаров.

Игорь Татаров – “Севказэнерго” АҚ бас директоры:

– Энергетика саласындағы жағдай қазір мәз емес. Шетелден алынатын электр энергиясының бағасы 30%-ға өскен. Оны тасымалдауға жұмсалатын ақшаның көлемі де бұрынғыдан әлдеқайда артты. Одан бөлек, кәсіпорынға күрделі жаңғырту жұмыстарын жүргізу және қарыздарды өтеу қажет.

Тарифті өсіру арқылы қызметкерлердің жалақысын көтеру де көзделіп отыр. Бүгінде кәсіпорындағы орташа еңбекақының көлемі – 160 мың теңгенің шамасында. Аталған сома мекемеде қызмет етіп жүрген жандардың көңілінен шықпайтын көрінеді. Табыстың аздығынан соңғы 5 жылда ұжымның 84%-ы ауысып кетіпті. Қазір ұйымға 300 бірдей білікті маман жетіспейді екен.

Игорь Татаров – “Севказэнерго” АҚ бас директоры:

– Кәсіпорындағы қызметкерлердің дені қазір құрылыс фирмаларында еңбек етіп жүр. Себебі, ондағы жалақы көлемі біздікінен 30-40%-ға жоғары. Ел бойынша энергетика саласын таңдаған жастардың да саны көп емес деп сеніммен айта аламын. Осының барлығы саланың дамымауына әкеп соқтыруда.

Жалпы, бекітілген сомманы өсіру туралы ұсынысты мамандар Энергетика министрлігіне жолдапты. Нақты шешім бір айдың ішінде қабылданбақ. Егер өзгеріс орын алса, мамыр айынан бастап күшіне енеді. Айта кетейік, өңірімізде соңғы рет электр энергиясының тарифі өткен жылдың басында өзгеріпті. 

Жанна Бисенова