МТРА жаңалықтары

МӘМС жүйесі аясында онкоскрининг қызметі тегін көрсетіледі

Сүт безі, жатыр мойны обыры және колоректальды обыр. Елімізде дәл осы онкологиялық ауруларға скрининг тегін жасалады. Бұл мақсатқа Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорынан өңірімізге
421 млн теңгеден астам қаражат бөлініп отыр.

Сүт безі, жатыр мойны, өкпе, асқазан обыры және колоректальды обыр. Қазақстанда қатерлі ісік ауруларының осы түрлері жиі кездеседі. Бүгінгі таңда еліміз бойынша онкологиялық диспансерде 180 мың адам тіркеуде тұр екен. Оның 10 мыңға жуығы – солтүстікқазақстандық. Өткен жылдың өзінде 547 жерлесіміз аты жаман дерттен көз жұмған. “Ракты жеңуге болады, ол үшін тұрақты түрде тексерістен өтіп, ауруды ерте сатысында анықтау қажет”,- дейді мамандар.

Рашида Иванова – “ӘМСҚ” КЕ АҚ СҚО бойынша филиалы директорының орынбасары:


– Қазір елімізде онкоскринингке немесе ісіктерді ерте диагностикалау жұмыстарына ерекше көңіл бөлінуде. Мәселен, бүгінде кез-келген азамат Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі аясында жылына бір рет тексерістен тегін өте алады.

Тақырыпқа толығырақ тоқталайық. Қазір елімізде онкоскринингтің 3 түрінен тегін өтуге болады.

– 40 жастан 70 жасқа дейінгі әйелдерге сүт безі обырына;
– 50 жастан 70 жасқа дейінгі ерлер мен әйелдерге колоректальды обырға;
– 30 жастан 70 жасқа дейінгі әйелдерге жатыр мойны обырына тегін скрининг жасалады.

Биыл өңірімізге қатерлі ісікті ерте кезеңде анықтау үшін Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорынан 421 млн теңгеден астам қаражат бөлініпті.

Рашида Иванова – “ӘМСҚ” КЕ АҚ СҚО бойынша филиалы директорының орынбасары:

– Осы қаражаттың 129,8 миллионы жатыр мойны обырына скриниг жасауға бөлінді. Сүт безі үшін 198 миллион бағытталды. Ал, колоректальды қатерлі ісікті диагностикалау үшін 93 миллион теңге қарастырылды. Осы орайда айта кетейін, тегін скрингтен қорда сақтандырылған адамдар ғана өте алады.

Естеріңізге сала кетейік, елімізде Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі өткен жылдың қаңтарында толыққанды іске қосылды. Бүгінге дейін солтүстікқазақстандықтардың 82,2 пайызы сақтандырылыпты. Тұрғындарға құлаққағыс! Мәртебені анықтау үшін әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының сайтына немесе Egov.kz порталына кіру қажет. 

Дана Ешкенова