Денсаулық сақтау

Коронавирустан айыққан қария ауруханаға сыйлық жасады

Ақ халаттылардың арқасында ковид-19-ды жеңген солтүстікқазақстандық қалалық көпбейінді ауруханаға сыйлық тарту етті. Емдеу мекемесіне 76 жастағы қария өкпесінің 65 пайызға қабынуымен қаңтар айында түскен.

Ол кезде кейуананың дене температурасы көтеріліп, демікпе және құрғақ жөтел маза бермеген. Дәрігерлер науқасты дереу түрде жан сақтау бөліміне жатқызған. Мамандар оның өмірі үшін бір ай бойы күресті. Тиісті ем-домның арқасында жерлесіміздің жағдайы жақсарып, ол қалыпты өмірге оралды. Бүгін қарияның туыстары аурухана ұжымына алғыстарын айтты. Сондай-ақ, мүгедектерге арналған су жаңа екі бірдей арбаны табыс етті.

Жанна Маутова – қалалық көпбейінді аурухананың бас дәрігері:

– Бүгін аурухананың материалдық-техникалық базасы екі арбамен толықты. Арба қызметімізде әрдайым қажет. Науқас пен туған-туыстарының дәрігерлердің атқарып жатқан жұмыстарына сыйластықпен қарағандарына ризамыз.

Алдияр Айтпаев