МТРА жаңалықтары

Жемқорлыққа қарсы қызмет өкілдері Аққайың ауданында болды

Антикор орталығының мамандары алдымен Ленинское ауылындағы су жаңа сүт-тауарлы ферманың жұмысымен танысты. “Иван Зенченко” серіктестігіне тиесілі кәсіпорын 1600 басқа шақталған. Мұндағы 1200 бас сиырдың әрқайсысы жылына 5 мың литрге дейін ақ береді. Кешен шетелдік заманауи қондырғылармен қамтамасыз етілген. Сәйкесінше, мұндағы шаруа толыққанды автоматты түрде тындырылады.

Геннадий Зенченко – “Иван Зенченко” ЖШС директоры:

– Дәл қазіргі таңда сүт кешені 11 тонна сүт өндіре алады. Келешекте бұл көрсеткішті 30-ға дейін жеткізуді мақсат етіп отырмыз. Бұл ретте мамыр айында тағы 350 бас симментал сиыры жеткізіледі деп жоспарланған. Кәсіпорында 30 адам еңбек етіп жатыр. Орташа жалақы көлемі 160 мың теңгені құрайды.

Келесі нысан – Смирново ауылындағы аудандық кітапхана. Небәрі бір ай бұрын мұнда “Парасат жолы” орталығы ашылыпты. Қазір орталықта әр апта сайын жергілікті зиялы қауым өкілдері және қоғам белсенділерінің қатысуымен тәрбиелік мәні зор түрлі іс-шаралар өткізіліп тұрады екен. Ол үшін мәдениет ошағында барлық жағдай жасалған.

Мәрияш Шәріпова – Аққайың аудандық кітапханасының директоры:

– Біз аудандағы 13 ауылдық кітапханамен тығыз жұмыс істейміз. Бірлескен іс-шараларды біздегі оқу залдарында өткіземіз. Одан бөлек, коворкинг орталығы да бар. Ал кітап қоры 20 мыңнан асады. Айта кетейін, өткен жылы біз республикалық конкурсқа қатысып, Қазақстан бойынша “Ең үздік аудандық кітапхана” атағына ие болдық.

Кейін жемқорлыққа қарсы қызмет өкілдері ат басын Аққайың ауданының әкімдігіне бұрды. Нысан ішінде 2019 жылдан бері “Ашық әкімдік” фронт-кеңсесі жұмыс істеп тұр. Мұндағы мамандар 5 түрлі бағыт бойынша 100-ден астам мемлекеттік қызмет түрін көрсетеді. Былтыр бұл офиске 700-ге жуық адам жүгінген екен. Ал биылғы келушілердің саны 90-нан асады. Бір айта кетерлігі, мемлекеттік қызметтерге “Телеграмм” мессенджері арқылы да қол жеткізуге болады.

Майра Жәкімсалова – Аққайың ауданы әкімінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі бас инспекторы:

– Тұрғындар қар тазалау, жолдарды кеңейту, су, электр мәселесіне қатысты сұрақтарымен келеді. Өтініштердің барлығын біржақты етуге тырысамыз. Бұл ретте біз коммуналдық қызметкерлермен, жергілікті билік өкілдерімен тығыз байланыстамыз. Жалпы, біз барлық сұрақ бойынша консультация береміз. Сұрақ шешілмей жатса, оны аудан әкіміне жеткіземіз.

Жұмыс сапары соңында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыстық департаментінің басшысы Жарқын Ғалымов қабылдау өткізіп, жергілікті халықтың сауалдарына жауап берді. Кейін аудан активімен кездесіп, өзі жетекшілік ететін департаменттің жұмысын жіпке тізді.

Жарқын Ғалымов – ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі СҚО бойынша департаментінің басшысы:

– Бүгін Аққайың ауданында орналасқан 3 нысанда болдым. Әрқайсысында сыбайлас жемқорлыққа қарсы қандай профилактикалық жұмыс жүргізіліп жатқандығымен таныстым. Тұрғындармен тілдесіп, халықтың көкейіндегі мәселелерді бақылауға алдым.

Айта кетейік, наурыз айында сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өкілдері жұмыс сапарымен Булаево мен Мамлюткада болды. Алдағы уақытта мамандар өзге де аудандарға баруды жоспарлап отыр.

Жанна Бисенова