МТРА жаңалықтары

Петропавлда көше бойындағы суағарлар тазартылуда

Манас Сыздықов Жұмысшы кентіндегі Кутузов пен Панфилов көшелерінің қиылысында тұрады. Осы жаққа көшіп келгеніне екі жылдай болыпты. Зейнеткердің сөзінше, аумақ қардан әрдайым тазартылып тұрады. Үйге су кіреді-ау деген қауіп жоқ. Ақ ұлпаны сыртқа шығарудан бөлек, бұл жақта жол бойындағы арықтар да үнемі тазартылып дейді тұрғындар.

Манас Сыздықов – қала тұрғыны:

– Былтыр күзде ескі шіріген құбырларды алып тастап, жаңа арықтарды орнатты. Сол арықтарды қардан тазартып жатыр. Көшеміз таза.

Жұмыс қызу жүріп жатыр. Мамандар алдымен арықтардың ішін күрекпен қардан тазартуда. Бұл сырт көзге оңай шаруа болып көрінуі мүмкін. Алайда, іс біраз күш пен уақытты қажет етеді. Себебі, кейбір жауапсыз тұрғындар қыс уақытында құбырлардың ішіне жуынды төгіп, күл-қоқыс тастайтын көрінеді. Салдарынан күн жылынғанда су арықтың бойымен ақпай, жан-жаққа жайылуы ықтимал.

Михаил Кузнецов – “Тазартқыш, су таратқыш және су өткізгіш ғимараттар” МКК жұмысшысы:

– Жеке секторларда тұратын адамдарға айтар өтінішіміз бар. Тұрғындар қыс бойы неше түрлі қоқысты суағарларға тастап, оларды бітеп тастайды. Егер біз құбырларды тазаламасақ, баспаналарға су кіреді. Осыны түсінген жөн. Келесі жылы жерлестеріміз біздің жұмысымызды қиындатпайды деген сенімдеміз.

Петропавлда көше бойындағы суағарларды қардан тазалау жұмыстары ақпан айының басында басталған болатын. Мамандар бүгінге дейін шаруаның 95 пайызын тәмамдапты.

Павел Булаев – “Тазартқыш, су таратқыш және су өткізгіш ғимараттар” МКК басшысы:

– Суағарларды тазалауға 5 бірдей бригада жұмылдырылды. Қазір 50 маман мен 12 бірлік техника учаскелерде қызу жұмыс атқаруда. Шаруаның басым бөлігі тындырылды. Тек Жұмысшы кентіндегі бір-екі көше ғана қалды. Біз құбырларлы қардан тазартып қана қоймай, қатып қалғандарын бумен жібітіп, жуып-шаюдамыз.

Бүгінде облыс орталығындағы суағарлардың жалпы ұзындығы 185 шақырымды құрайды. Оның 90 километрі ашық болса, қалғаны жабық болып саналады. Мамандардың сөзінше, арықтарды тазалау жұмыстары бір-екі күнде толыққанды аяқталады.

 

Дана Ешкенова