МТРА жаңалықтарыАптадағы маңызды жаңалықтар

Облысты дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары қабылданды

Үкімет отырысында әуелі егіс науқанына дайындық жайлы айтылды. Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаровтың сөзінше қазіргі күні диқандарға көктемгі дала жұмыстарын жүргізу үшін тиісті мөлшерде минералды тыңайтқыштар жеткізілген. Бүгінде Алматы, Жамбыл, Қостанай және Түркістан облыстарында субдиялауға өтінімдер қабылдау жұмыстары жүргізілуде. Жақын арада бұл шаруа Батыс және Солтүстік Қазақстан облыстарында бастау алмақ.

Сапархан Омаров – ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:

 – Егіс науқанын жүргізу үшін ауыл шаруашылығы құрылымдарында 141,7 мың трактор, 73,2 мың тұқымсепкіш, 221,2 топырақ өңдеу құралдары бар. Ағымдағы жылы егіс жұмыстарын жүргізу үшін ақпан-маусым айларына шамамен 380 мың дизель отыны бөлінді.

Жиын барысында Премьер-Министр Асқар Мамин өткен жылы атқарылған шаруаларға бағасын берді. Ол пандемияға қарамастан былтырғы егіс жұмыстары жоғары деңгейде жүргізілгенін атап өтті. Үкімет басшысы жақсы көрсеткішті бірнеше фактормен байланыстырып отыр. Яғни, егістікте агротехнологиялар сақталып, қажетті тыңайтқыштар уақытылы себілген. Сол себепті, былтыр диқандар мол өнім алды. Жиында Асқар Мамин өңір әкімдеріне бірнеше тапсырма берді.

Асқар Мамин – ҚР Премьер-Министрі:

– Өңір әкімдеріне субсидияларды бекіту жұмыстарын 1 апта ішінде аяқтауды тапсырамын. Бұл мәселенің созылуы фермерлердің алдағы жұмысына әсер етуі мүмкін. Энергетика министрі бекітілген график пен бағалар бойынша егіс жұмыстарын жүргізу үшін дизель отынының қажетті көлемін жеткізуді қамтамасыз етсін. Ауыл шаруашылығы министрі облыстардың әкімдіктерімен бірлесіп егіс алымдарына жүргізіп жатқан әртараптандыру шеңберінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын өндіру көлемін арттыруға ерекше назар аударсын.

Осы орайда өз өңірімізде атқарылатын шаруаға ойыссақ. Үкімет отырысында талқыланған басты тақырып та осы. Яғни, Солтүстік Қазақстан облысының әдеуметтік-экономикалық дамуының 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Құрметті Асқар Ұзақбайұлы! Елбасының тапсырмасы бойынша қабылданған 2018-2021 жылдарға арналған кешенді жоспар өңір экономикасының дамуына оң әсер етті. Өткен 3 жылда облыстың жалпы өңірлік өнімінің көлемі – 34%-ке, инвестиция – 50%-ке, ауыл шаруашылығы өнімін өндіру – 54%-ке, өңдеу өнеркәсібі 37%-ке өсті. Жалпы өңірлік өнімдегі бизнес үлесі 5%-ке ұлғайды, көптеген әлеуметтік мәселелер шешілді. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша әкімдік министрліктермен бірлесіп, 2026 жылға дейінгі жаңа кешенді жоспар жасады.

Бүгін осы әңгіме аясында көптеген маңызды мәселелер қаузалды. Дәлірек айтсақ, 2025 жылға дейін Солтүстік Қазақстанда ірі жобалар жүзеге асырылатын болды. Бастама бірнеше маңызды салаларды қамтиды. Олар: аграрлық өнеркәсіп, білім саласы, денсаулық сақтау, туризм мен спорт және өндіріс салалары. Осының барлығына 5 жылдың ішінде 1,8 трлн теңге бағыттау көзделіп отыр.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

-1,8 трлн теңгеге 87 іс-шараны іске асыру жоспарланған. Қаражаттың 70% – жеке инвестиция. Бюджеттің 65%-і экономиканы одан әрі дамытуға жұмсалады. Агроөнеркәсіпте 52 сүт фермасы, 6 бордақылау алаңы, 2 құс фабрикасы, өңдеу кәсіпорындары және жылыжай салынады. Өнеркәсіпте тау-кен байыту комбинаттары салынып, 10 жаңа басым жоба іске асырылады. «Qyzyljar» арнайы экономикалық аймағы белсенді дамуда. Облыста жолдар жөнделіп, 98%-і сапалы болмақ. 2,3 млн шаршы метр баспана саламыз, оның 500 мыңы – әлеуметтік топтарға.

Кешенді жоспар аясында өңір халқының 93%-ы сапалы ауыз сумен қамтамасыз етіледі деді Құмар Ақсақалов. Одан бөлек, бюджеттің 35 пайызын денсаулық сақтау және білім салаларына бағыттау көзделіп отыр. Білім беру демекші, Солтүстік Қазақстанда алдағы уақытта су жаңа университет бой көтеретін болады. Еліміздің бас ұстазы Асхат Аймағамбетов Петропавлда Назарбаев университетінің тәжірибесі бойынша заманауи оқу ордасы тұрғызылатындығын мәлім етті.

Асхат Аймағамбетов – ҚР Білім және ғылым министрі:

– Бұл университет әлемнің үздік университеттерімен бірге жаңа білім беру бағдарламаларын іске асырып, нәтижесінде біз өңірлік зерттеу орталығына ие боламыз. Онда озық зерттеу мен озық білім беру үшін жағдайлар жасалады.

Бұдан бөлек өңірде 16 мектеп салынып, 416 білім ұясын қайта жаңғырту көзделіп отыр. Сонымен қатар, «Жас маман» жобасы аясында 2021 жылы 9 колледж жабдықталады. Жергілікті Қозыбаев университетінде де біраз өзгеріс орын алмақ. Оқу ордасында академиялық артықшылық орны құрылып, білім беру бағдарламалары жаңартылады.

Асхат Аймағамбетов – ҚР Білім және ғылым министрі:

– Бұдан бөлек университетте республикалық бюджет есебінен 600 орындық 2 жатақхана салу үшін 4,3 млрд теңге қарастырылып отыр. Бұған қоса қолданыстағы 3 жатақхана мен 5 оқу ғимараты күрделі жөндеу жұмысынан өтетін болады.

Денсаулық сақтау саласына да басымдық беріледі. Облыста көпбейінді аурухана салынады, аудандарда 46 шағын емдеу мекемесі бой көтереді. Аталған жоспардың барлығы Үкімет мүшелері тарапынан бірауыздан қолдау тапты.

Асқар Мамин – ҚР Премьер-Министрі:

– Үкімет Солтүстік Қазақстан облысының әкімдігімен бірлесіп, осы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспарын жаңартты. Қазіргі таңда кешенді жоспардың жалпы инвестициялық көлемі шамамен 2 трлн. теңгені құрап отыр. Оның басым бөлігі – жеке инвестициялар. Облысқа жеке инвестиция тарту жаңа жобаларды іске асыруға, сапалы жұмыс орындарын құруға және өңір экономикасының жаңа құрылымын қалыптастыруға мүмкіндік береді.

 

 

Бердимурат Баймухан