МТРА жаңалықтары

Қалалық қоғамдық кеңесінің кезекті отырысы өтті

Жыл басынан бері қалада 47 өрт оқиғасы орын алған. Бұл алдыңғы жылдармен салыстырғанда 2 есе көп. Петропавлда тіркелген төтенше жағдайлардың салдарынан 18 адам жарақат алып, 6 кісі қаза тапқан. Ал материалдық шығын көлемі 12 млн теңгені құрап отыр. Құтқарушылардың сөзінше, оттың бас көтеруіне басты себеп – адамдардың немқұрайлылығы. Кей жағдайда ағайын пешке, электржылытқыш құрылғыларға, газды қолдануға жауапсыздықпен қарайды.

Әсет Шайкин – қалалық төтенше жағдайлар басқармасының бас маманы:

– Өрт оқиғаларының дені жеке секторларда орын алады. Сондықтан, біз апта сайын жер үйде тұратын тұрғындармен профилактикалық жұмыс жүргізіп отырамыз. Тағы, қала әкімінің бастамасымен қоғамдық тамақтану орындарындағы қауіпсіздік талаптарының сақталуын бақылайтын арнайы мониторингілік топ құрылды. Қазір олар негізінен көпқабатты үйлердің бірінші қабатында орналасқан мекемелерге бақылау жүргізуде.

Бір қызығы, аталған мониторингілік топтың құрамында құтқарушылардың өздері жоқ. Заң бойынша аталған мамандарға шағын және орта бизнес объектілерін тексеруге болмайды. Сондықтан, Төтенше жағдайлар басқармасының өкілдері арнайы емес, жоспарлы тексеріспен және профилактикалық жұмыспен ғана шектелуге мәжбүр. Бұл мәселені қоғамдық кеңес мүшелері бақылауларына алды. Отырыста тағы 19-шы ықшам ауданда орналасқан “барақ үйдің” бір пәтерін сүру жайы да қарастырылды.

Марат Ерханов – қалалық қаржы бөлімінің басшысы:

– Ақпан айының соңында 4ші линия көшесіндегі 24-ші үйдің тұрғыны бізге жүгініп, көрші пәтерде 6-7 жылдан бері ешкімнің тұрмайтындығын мәлім етті. Қазір бұл баспана қалалық әкімдікте иесіз жылжымайтын мүлік ретінде есепте тұр. Пәтер қалалық әкімдікке тиесілі болуы мүмкін. Нақты шешім бір жылдың ішінде жергілікті сотта қарастырылып, қабылданатын болады.

Кейін жиын барысында қалалық бюджетті нақтылау жобасы қарастырылды.

Жанна Бисенова