Қоғам

Уақытында тазаланбаған қардың салдары

Бұл – Медведев көшесі, 10 мекен жайы бойынша орналасқан үйдегі көрініс. Баспанадағы сұлулық салонына біреу шабуыл жасады ма дерсіздер. Бірақ, әне-міне құлайын деп тұрған маңдайшаның быт-шытын шығарған адамдар емес. Тақтайшаны қаққа бөлген қар мен сүңгілер.

Валерия Афанасьева – кәсіпкер:

– Жұмыста отырған едік, төбеден қар құлағанын естідік. Аса мән берген жоқпыз, ал кешке шықсақ нысанның маңдайшасы сынып, құлайын деп тұр екен. Бұндай жағдай өткен жылы да орын алды. Бірақ, тақтайға аса зиян келген жоқ. Өз қалтамыздан ақша шығарып, жөндедік. Қалыпқа келтіруге 50 мың теңге шамасында қаражат кетті.

Биыл жағдай тағы қайталанды. Алайда, бұл жолғы шығын көлемі 50 мың теңгемен шектелмейді. Себебі, маңдайша жөндеуге мүлдем келмейді, оны толығымен ауыстыру қажет. Кәсіпкер ай сайын тұрғын-үй кооперативіне мың теңгеден төлейді екен. Ендеше уақытылы шатырды қардан тазаламағаны үшін кооператив өкілдері жауап берсін дейді сұлулық салонының мамандары. Маңдайшаны жаңадан жасау турасында екі жақ келісіпті. Бірақ, дегенмен, осы жағдайға жеткізбес үшін неге сол қар мен сүңгілерді дер кезінде тазаламасқа?

Галина Драчук – “Сигнал” ТК төрайымы:

– Өткен жылдары төбедегі қарды тазалаймыз деп, шатырға шыққан едік. Ол опырылып қалды. Жөндеу жұмыстарын тұрғын үй кооперативінің бюджеті көтермейді. Жабындыны 5-ші қабатта тұратын тұрғындар өздері қалыпқа келтірді. Содан бері төбеге шығатын есіктің кілтін ешкімге бермейді.

Ал қар мен сүңгілерді тазалайтын мамандарды жалдау, тіпті, қымбатқа түседі. Тротуар баспанадан алыстау орналасқандықтан, адамдарға еш қауіп төндірмейді деп санайды Галина Драчук. Әрі кетсе тұрғын үй кооперативі келесі жылы тағы бір мәрте маңдайша ауыстыруға шығындалар.

 

Эльмира Садвокасова