Спорт

Баскетболдан облыс чемпионаты өтті

Мамлют пен Жамбыл ауданының бұрымдылары арасындағы тартыс. Қос құрама 3-ші орынға таласуда. Екі жақтың себеттеріне доп қайта-қайта түсіп жатыр. Жамбылдықтар шабуылда да, қорғаныста да мықты. Олар көп жағдайда қарсыластарына ұпай еншілеуге мүмкіндік бермеді.

Ысқырық шалынды. Кездесу аяқталды. Есеп – 27 де 11. Жамбыл ауданының бұрымдылары жеңіске жетті.

Виктория Семенова – жарысқа қатысушы, Жамбыл ауданы:

 – Бұған дейінгі кездесулер ойдағыдай өтті. Әттең финалға шыға алмадық. Мамлюттік спортшылармен біраз тартысқа түстік. 1-ші орын болмаса да ауданымызға жүлдемен қайтатынымыз көңіл қуантады.

2-ші орын тайыншалықтарға бұйырды. Ал “Барс” балалар спорт мектебінің қыздары чемпион атанды. Доданың алғашқы күндерінде бұрымдылармен қатар, ұлдар да өзара сынға түсті. “Жеңіс” балалар спорт мектебінің шәкірттері топ жарған.

Серікбай Сүлейменов – СҚО спорт орталығының сектор жетекшісі:

– Жарысқа ұлдардан – 9 команда, қыздардан 8 команда қатысты. Облыс біріншілігі 3 күнге жалғасты. Жақсы-жақсы командалар болғанына көзіміз жетті.

Бұл жарыста ерекше көзге түскен спортшылар өңір құрамасына іріктеліп алынады. Олар алдағы уақытта облыс намысын ел біріншілігінде қорғамақ.

 

 

Алдияр Айтпаев