МТРА жаңалықтары

“АЙНА-КӨЗ” орталығына – 22 жыл

«АЙНА КӨЗ» орталығының негізі өткен ғасырдың соңында қаланды. Оны офтальмология саласында 45 жыл бойы еңбек еткен Любовь Леонтьева есімді азаматша ашқан. Бүгінде халықаралық стандарттарға ие емдеу мекемесі облысымызда ғана емес, Қазақстанға, тіпті, көрші елдерге де танымал.

Наурыздың 26-сы күні орталықтың ашылғанына 22 жыл толды. Осыған орай мекемеде бір жыл бұрын дүниеден өткен Любовь Леонтьеваның құрметіне мемориалдық тақта ашылып отыр.

Олеся Леонтьева – “АЙНА-КӨЗ” орталығының бас директоры:

– Бүгін біздің орталыққа 22 жыл толып отыр. Осы аралықта емдеу мекемесінің білімді де білікті мамандары жанарынан айырылған талай адамға көру мүмкіндігін сыйлады. 99-шы жылдан бері 400 мыңнан астам науқасты қабылдап, 30 мың ота жасап үлгердік. Ауқымды жұмыстың атқарылуына Любовь Леонтьева көп еңбек сіңірді.

Мерейтойлық шараға орталықта ем қабылдап жүрген науқастар да қатысты. Олар екінші рет көру мүмкіндігін сыйлаған ақ халатты абзал жандарға жылы лебіздерін білдіріп, алғыстарын айтуда. Надежда Ермакова емдеу мекемесіне ақпан айының соңында жүгініпті. Зейнеткердің оң жақ жанарында катаракта анықталып, көзі мүлде көрмей қалған екен. Білікті мамандар көз нұрын қайта қалпына келтірді.

Надежда Ермакова – емделуші:

– “АЙНА-КӨЗ” орталығының дәрігер-офтальмологы Сергей Бородкинге қаралдым. Көзімді толыққанды тексеріп, ота жасау қажеттігін айтты. Сөйтіп, наурыздың 2-сі күні оң көзіме операция жасалды. Қазір жағдайым тұрақты, бәрін жақсы көріп тұрмын. Емдеу мекемесінің қызметкерлеріне айтар алғысым шексіз. Мұнда өте білімді де білікті мамандар еңбек етеді.

Нина Жильцова емделмейтін ретинальды дистрофия ауруына шалдыққан.
Нәзікжанды оған мойымайды. Көру қабілетінен мүлдем айырылып қалмау үшін осы орталықта бірнеше жылдан бері ем алып жүр.

Нина Жильцова – емделуші:

– “АЙНА-КӨЗ” орталығында ем қабылдап жүргеніме 4 жыл болды. Әрдайым қажетті екпелерімді алып, күндізгі стационарда жатып тұрамын. Мұнда тиісті жағдайлар жасалған. Көрсетілетін кызмет түрлері де сапалы деп сеніммен айта аламын. Ұжымға үлкен ризашылығымды білдіргім келеді.

Жыл сайын мұндағы ақ халаттылар шекара асып, әлемнің алдыңғы қатарлы емханаларында біліктіліктерін арттырып тұрады. Бүгінде мамандар 100-ден астам қызмет түрін ұсынады. Емдеу мекемесі толығымен заманауи қондырғылармен жабдықталған. Мәселен, “VERION” деп аталатын мына аппарат өткен жылы сатып алыныпты. Соңғы үлгідегі жаңашылдықтың арқасында көзге көрінбейтін ауруларды анықтап, ең күрделі операцияларды жасауға болады.

Сергей Бородкин – “АЙНА-КӨЗ” орталығының дәрігер-офтальмологы:

– Қазіргі уақытта бұл аппарат әлемдегі ең мықты қондырғы болып табылады. Себебі, оның көмегімен катаракта сияқты дертке шалдыққан адамдардың көзіне қажетті линзаны есептеуге болады. Жалпы, елімізде мұндай 3-ақ аппарат бар. Соның бірі – бізде.

Емдеу мекемесінде 25 адамға шақталған тәуліктік және 10 адамға арналған күндізгі стационар бар. Барлығы 24 медицина қызметкері еңбек етеді. Айта кетейік, “АЙНА-КӨЗ” орталығы 2017 жылдан бері МӘМС жүйесі арқылы кей қызметтерді тегін көрсетеді. Мәселен, 2019 бен 2020 жыл аралығында аталған жүйе аясында 9 мыңға жуық жерлесімізге 30 мыңдай қызмет түрі тегін көрсетілген.

 

 

 

Дана Ешкенова