Балалар

2021 жыл – Балалар мен жасөспірімдердің кітап оқуын қолдау жылы

Кітап оқыған адамның көзі ашық, көкірегі ояу болады. Өйткені, ілімнің бар қайнар көзі дәл осы кітапта сақталған. Өкінішке қарай, қазіргі техника дамыған заманда асыл қазынаны оқитын жастардың қатары сиреп барады. Осы ретте Ілияс Шаяхметовтың кітап оқуға деген қызығушылығы көптеген жандарға үлгі болары сөзсіз. Себебі, кішкентай жерлесіміз 4 жасынан бастап құнды жәдігерлерді тынбай оқып келеді. Талапты балғын ең алғаш рет «Қызыл телпек» ертегісімен танысыпты.

Ілияс Шаяхметов – Қожаберген жырау атындағы №6 орта мектебінің оқушысы:

– Халқымыздың ақын-жазушыларының шығармаларын оқығанды жақсы көремін. Мысалы, Абай атамыздың «Күз», «Ғылым таппай мақтанба», «Әсемпаз болма әрнеге» өлеңдері ұнайды. Маған ата-анам кітаптарды оқу керектігін айтты. Және онда көп ақпарат бар деді. Сосын мен кітап оқуды бастадым.

Білім нәріне тұнып тұрған дүниелерді Ілияс қаладағы балалар кітапханасында оқуды әдетке айналдырған. Уақытын тиімді өткізетін жеткіншек мұнда аптасына 2-3 рет келеді. Абай Құнанбайұлының 3 шығармасын жатқа біледі. Жанына жақыны – «Әсемпаз болма әрнеге» туындысы.

Бірі білсе, бірі білмес. 2021 жыл елімізде Балалар мен жасөспірімдердің кітап оқуын қолдау жылы болып жарияланды. Бұл науқан аясында Ғабит Мүсірепов атындағы облыстық кітапхананың мамандары да бірталай іс-шаралар ұйымдастырған. Және орталықта ұл-қыздардың оқуға деген қызығушылығын арттыру үшін үйірмелер де ашылыпты.

Гүлнұр Бекіш – Ғ.Мүсірепов атындағы ОБЖК библиографы:

– Кітапханамызға ай сайын шамамен 1500-нан астам оқырман келеді. Оқырмандардың негізі – мектепке дейінгі және кіші мектеп жасындағы оқушылар. Және жасөспірімдер бөліміне көбінесе студент жастарымыз келуде. Балаларды ертегілерден бастап қазіргі заманауи шығармалар қызықтырады.

Жалпы,бүгінде Ғабит Мүсірепов атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасында 222 мыңнан астам кітап бар. Тізім ай сайын толығып отырады.

 

 

 

 

Алтынай Казиканова