Әр түрлі

Аумағын қардан тазаламаған кәсіпкерлерге айыппұл салынады

Аумағын қардан тазаламаған кәсіпкерлерге айыппұл салынады. Қазір бизнес өкілдері арасында  қалалық әкімдік өкілдері мен полиция қызметкерлері  түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Талапты орындамаған жан 87 мың теңгесінен қағылады. Мамандар 60-қа жуық іскер жанға ескерту жасап, тағы бірнешеуіне айыппұл салған.

Қалада қар көп. Коммуналдық кәсіпорын қызметкерлері тарапынан қар тазалау жұмыстары қызу жүріп жатыр. Егер кәсіпкерлер де өз нысанының аумағындағы ақ ұлпаны уақытында шығарып отырса бұл су тасқынының алдын алуға септеседі.

Қанат Жұмабаев – қалалық ПБ бірінші полиция бөлімінің бөлімше бастығы:

– Жыл басынан бері біз 194 кәсіпкермен профилактикалық жұмыс жүргіздік. Оның 58-іне аулаларынан қарды тазаламай жүргендері үшін ескерту жасалды. Егер кәсіпкерлер аулаларын қардан уақытында тазаламаса, оларға айыппұл салынады. Бұл сома жеке тұлғалар үшін 15 АЕК, ал заңды тұлғалар үшін 30 АЕК-ті құрайды.

Қазір облыс орталығында қар тазалаумен 20 кәсіпорын айналысып жатыр. Бүгінге дейін қанша текше метр ақ ұлпа шығарылғаны белгісіз. Қалалық әкімдіктегі бейінді бөлімнің баспасөз хатшысы Әсем Айтолланың айтуынша қазір қар шығару жұмыстары шеткі ықшам аудандарда қарқын алған.

Әсем Айтолла – қалалық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің баспасөз хатшысы:

– Жұмысшы кенті, Қопай, Береке, Ойқала ықшам аудандарында қарды шығару жұмыстары жүріп жатыр. Шаруа күні-түні жүргізілуде.

Облыс орталығында қар шығару жұмыстарынан бөлек, бітеліп қалған суағарлар да тазаланып жатыр.

Жанна Бисенова