Денсаулық сақтауҚұқық қорғау органдары

Әлеуметтік-медициналық сараптама жүргізу жұмыстарына өзгерістер енгізілді

Әлеуметтік-медициналық сараптаманы  сапалы жүргізу. Бүгін өңірлік  сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өкілдері  Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің  жергілікті департаментінің мамандарымен жүздесті. Жиын барысында қос тарап  мемлекеттік қызмет көрсету кезіндегі бармақ басты, көз қыстылық фактілерінің алдын алу мәселесін талқылап, өткен жылы атқарылған шаруаны қорытындылады.

Өткен жылдың 12 айында бейінді департаменттегі әлеуметтік-медициналық сараптама бөлімінің мамандары халыққа 6 жарым мыңға жуық мемлекеттік қызмет көрсетіпті. Олар – мүгедектік деңгейі мен еңбекке жарамдылықты жоғалту деңгейін белгілеу және әлеуметтік қорғау үшін қажетті шараларды анықтау секілді қызмет түрлері.

Сәлима Алпысова – ҚР ЕХӘҚМ Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің СҚО бойынша департаменті басшысының орынбасары:

–  Әлеуметтік-медициналық сараптама бөлімінде 4 қызмет көрсету бөлімі бар. Олардың бірі психикалық ауытқуы бар және туберкулезбен ауыратын адамдарға қызмет көрсетеді. Сондай-ақ, жалпы бөлімдер және әдістеме мен әлеуметтік-медициналық сараптаманы бақылау бөлімдері бар. Былтыр соңғы аталған бөлімнің мамандары 5 мыңнан аса медициналық істі тексерген.

Әлеуметтік-медициналық сараптама бөлімінің мамандары тұрғындармен тікелей жұмыс жасайды. Мамандардың айтуынша осы арада бармақ басты, көз қыстылық фактілерінің орын алу қаупі жоғары екен. Мәселен, мүгедектікті жалған рәсімдеу, оның мерзімін ұзарту секілді жайттар орын алуы мүмкін. Парақорлықтың алдын алу және түсіндіру жұмыстарын жүргізу мақсатында мекеме мамандары өңірлік сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өкілдерімен бірге жиі жиын өткізіп тұрады.

Сәлима Алпысова – ҚР ЕХӘҚМ Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің СҚО бойынша департаменті басшысының орынбасары:

– 3-ші наурыз күні әлеуметтік-медициналық сараптама жүргізу жұмыстарына өзгерістер енгізілді. Мүгедектікті анықтаудың жаңа стандарты белгіленді. Яғни, кейбір қызмет түрлері цифрлы форматқа ауыстырылды. Мәселен, тұрғындар медициналық мекемеден берілген анықтамалар арқылы кейбір құжаттарға онлайн түрде қол жеткізе алады.

Бұл бағыттағы шаруалар әлі де жалғасын табады. Мамандар өзге де қызмет түрлерін электронды форматқа көшіру қажет дейді. Сондай-ақ, ұйым өкілдері ай сайын аудандардағы емханаларға барып халыққа қызмет көрсетіп тұрамыз дейді.

Бердимурат Баймухан