Спорт

Шайбалы хоккейден турнир өтті

Қызмет пен спортты қатар алып жүргендер! Петропавлда мемлекеттік қызметкерлер, полицейлер мен құтқарушылар арасында шайбалы хоккейден турнир өтті. Жарыс ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен Наурыз мейрамына орай ұйымдастырылды.

Полицейлер, құтқарушылар және мемлекеттік қызметкерлер күнделікті жұмыс киімдерін спорттық формаға алмастырып, мұз айдынына шықты. Айдында дәл қазір финалдық кездесу өтіп жатыр. Бүгін 2 күнге жалғасқан турнирдің жеңімпазы мен жүлдегерлері анықталмақ.

Сергей Мелехов – облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы:


–  4 команда бақ сынап жатқан турнир ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына және Наурыз мейрамына орай ұйымдастырылып отыр. Жарысты облысымызда бұқаралық спортты дамыту мақсатында өткізудеміз. Барлық санитарлық талаптар ескерілген. Айта кеткен жөн, мұндай сайыс өңірімізде алғаш рет өтуде. Енді жыл сайын жалауын желбіретуді жоспарлап отырмыз.

Көп кешікпей матч аяқталып, жеңімпаз белгілі болды. Командаларға тиісті жүлделері табысталуда. Сонымен, 3-ші орын – өңір құтқарушыларына, ал 2-ші орын тәртіп сақшыларына бұйырды. Ал чемпиондық атаққа ведомство басшыларынан құралған “Qyzyljar” командасы қол жеткізді. Жүлдегерлерді аймақ басшысы Құмар Ақсақаловтың атынан оның орынбасары Ғани Нығыметов құттықтады.

Ғани Нығыметов – СҚО әкімінің орынбасары:

 

– Спорт – жақсы денсаулықтың қайнар көзі. Спортпен шұғылданудың пайдасы зор. Сіздерді жеңістеріңізбен шын жүректен құттықтаймын. Мемлекеттік қызметкерлер бұл жарыста керемет үлгі көрсетті.

Турнир ұйымдастырушылары шайбалы хоккеймен шектелмек емес. Алдағы уақытта басқа да спорт түрлерінен жарыстар ұйымдастыру көзделіп отыр.

Алдияр Айтпаев