Ауыл шаруашылығы

Өнімді картоп өсірудің жаңа әдісі

Қалай / бактериядан ада картоп өсіруге болады? Қозыбаев университетінің ғалымдары жаңа әдісті қолға алған. Өнімді әрі ағзаға пайдасы мол көкөніс әуелі арнайы қоректік ортада өсіп-жетіледі. Мамандар оны күтіп-баптаудың қыр-сырымен бөлісті.

Мамандардың айтуынша, сапалы деген картоптың өзінде түрлі патогендер кездесуі мүмкін. Бұл бактериялар адам ағзасына түссе түрлі ауру туындауы ықтимал. Осы орайда Қозыбаев университетінің ғалымдары картоптың вируссыз тұқымдарын әзірлеуді қолға алған.

Фариза Мұқанова – Kozybayev University агротехникалық факультетінің кафедра меңгерушісі:

– Зертханада студенттер арнайы қоректік орта дайындайды. Ол жерге картоптың өскіні салынады. Нәтижесінде, біз картоптың вируссыз тұқымдарын аламыз. Ол үшін кабинет барлық тиісті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген.

Микроскоп, пробирка мен таразы. Аталған дүниелер картопқа арналған қоректік ортаны әзірлеуде қолданылады. Сондай-ақ, күн сәулесі молынан түсуі керек. Қоймалжың заттан тұратын қоректік ортаға түрлі дәрумендер де қосылады.

Ақерке Кушершина – Kozybayev University магистранты:

– Қоректік орта микро, макро элементтерден және дәрумендерден тұрады. Олардың құрамында өсімдікке қажетті барлық қоректік заттар бар. Жасанды қоректік ортаның топырақтан еш айырмашылығы жоқ десек те болады. 02:30 Картоп өскіні қоректік ортада 1 айға жуық тұрады.

Демек, жаңағы картоп өскіні бір айдың ішінде өсіп, жетіледі. Сосын барып қаланың шетінде орналасқан арнайы жылыжайға егіледі. Бір өсімдіктен 8-ге жуық түйнек алуға болады екен.

Фариза Мұқанова – Kozybayev University агротехникалық факультетінің кафедра меңгерушісі:

– Бізде арнайы агробиологиялық станция бар. Ол жерде картоп өскіндерін өсіру үшін белгілі бір жер көлемі қарастырылған. Мұнда студенттер мен магистранттар өздерінің ғылыми зерттеулерін жүргізеді. Мәселен, жыл сайын бидай, сұлы дақылдарын өсіру арқылы олардың вегетациялық кезеңін бақылауға мүмкіндік бар.

Айта кетейік, бұл бастама небәрі бірнеше ай бұрын қолға алынған. Әзірге, зертханада тек картоп қана өсірілуде. Кейін тағы да өзге өсімдік түрлері зерттелмек.

Жанна Бисенова