Денсаулық сақтауҚұқық қорғау органдары

Санитарлық-эпидемиологиялық департамент пен денсаулық сақтау басқармасы тексерілді

Желге ұшқан 115 млн теңге. Денсаулық сақтау басқармасы өткен жылдың мамырында арнайы қорғаныш киімдерін қымбатқа сатып алып, қомақты сомаға ұтылып қалған. Бұл туралы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің жергілікті департаментінде өткен брифинг барысында айтылды.

Қоғамдық орындар мен далада адамдардың барлығы маска киюі тиіс. Бұл – санитарлық дәрігермен бекітілген ереже. Ал оны елемегендер әкімшілік жауапкершілікке тартылып, айыппұл арқалады. Талапты бұзғандардың саны бойынша рекорд 2020-ның тамызында орнапты. Жаздың соңғы айында 475 жерлесіміз бетпердесіз жүрген. Алайда, заңға сәйкес барлығына бірдей жаза қарастырылмаған.

Дамир Хабибуллин – ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі СҚО бойынша департаменті басқармасының жетекшісі:

– Бір азаматшаға “алғашқы гипотиреоз” диагнозы қойылған екен. Мұндай адамдарға маскасыз демалудың өзі қиын. Сол себепті, ол бетпердесіз жүрген. Оған қатысты әкімшілік іс қозғалмады. Бұл ретте созылмалы дертке шалдыққан жандардың жағдайын ескеру қажет деген ойдамыз. Маска тағу жөніндегі ережені қайта қарастыруды ұсынамыз.

Антикор мамандарымен жүргізілген аудит барысында тағы бір олқылық анықталды. Санитарлық-эпидемиологиялық департаменттің 3 маманына мамыр мен маусым айларында жөнсіз үстемеақы берілген. Қаражат коронавирус ошағында жұмыс істеген жандарға бағытталған, бірақ иелеріне дейін толық жетпеген. Осылайша, 540 мың теңге кеңседе отырған мамандардың қалтасына кетті. Алайда, ұзаққа емес. Аталған сома толығымен бюджетке қайтарылды. Бұған ұқсас жағдай денсаулық сақтау саласында да кездесті.

Дамир Хабибуллин – ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі СҚО бойынша департаменті басқармасының жетекшісі:

– Бірінші қалалық аурухананың 5 дәрігеріне коронавируспен күрес жұмыстарына ат салысқандары үшін деп жалпы сомасы 169 мың теңге болатын үстемеақы берілген. Алайда, анықталғандай медициналық қызметкерлер дәл сол аралықта ковид-19-ға қарсы шараларға қатыспаған.

Көптің назарын аудартқан тағы бір жағдай жүз мыңдарға емес, млн-дарға қатысты. Денсаулық сақтау басқармасы былтыр мамын айында “Шкарин” жеке кәсіпкерлігінен 27 млн теңгеге 686 дана қорғаныс костюмін сатып алған. Яғни, әрбіреуінің құны 40 мың теңгеге шыққан. Дәл осы кезеңде “СК-Фармация”-мен де сатып алулар жүргізіліпті. Бірақ, серіктестік арнайы киімді 16 мың теңгеге арзанырақ бағамен саудалаған. Ол дегеніміз 115 млн бюджет ақшасы далаға кетті. Алайда, жергілікті ведомство өкілдерінің өз айтары бар.

Нұрлан Айманов – СҚО денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:

– Наурыз айында қорғаныс костюмдері былай тұрсын, оны жасауға қажет шикізаттың өзі тапшы болатын. Ал “СК-Фармация”-ның ел бойынша барлық ауруханаларды костюмдермен қамту мүмкіндігі болған жоқ. Сондықтан, біз өзге амалдарды қарастыра бастадық. Барлық талапқа сай келетін қорғаныс киімдері “Шкарин” жеке кәсіпкерлігінен ғана табылды.

Осылайша, денсаулық сақтау басқармасы құны 23 мыңның емес, 40 мың теңгенің костюмдеріне тапсырыс беріп, 115 млн теңгеден қағылған. Жемқорлыққа қарсы қызмет мамандары санитарлық-эпидемиологиялық департамент пен денсаулық сақтау басқармасында жүргізген аудит барысында өзге де олқылықтарды анықтапған. Нәтижесінде құзырлы органдарға кемшіліктерді түзеу бойынша 41 ұсыныс жасалған.

Эльмира Сәдуақасова