ТЖ

СҚО-да 5 күндік демалыс кезінде 7 өрт оқиғасы тіркелді

Бүгін қалада 5 қабатты жатақхананың астында орналасқан шағын қонақ үйден өрт шықты. Мамандар 30 адамды эвакуациялаған. Ешкім зардап шеккен жоқ. Оттың неден шыққаны анықталып жатыр. Бастысы, құтқарушылар алапат апаттың алдын алды деуге болады. Олар дәл сол бірінші қабатта орналасқан нысанның ішінен үлкен газ баллонын алып шығып үлгерген.

Назарбаев көшесіндегі 5 қабатты жатақхана жанып жатыр деген хабар құтқарушыларға таңғы сағат 9 кезінде келіп түскен. Оқиға орнына мамандар 3 минуттың ішінде жетеді. Қызыл жалын 1-ші қабатта орналасқан қонақ үйден көрінген. От 15 шаршы метр жерді қамтыған. 30 адам эвакуацияланады.

Николай Белоусов – СҚО ТЖД өрт сөндіру және апаттық-құтқару жұмыстары қызметі бастығының орынбасары:

– Ешкім зардап шеккен жоқ. Өртті сөндіруге 29 адам мен 6 техника тартылды. Нысанның ішінен 50 литрлік газ баллонын алып шықтық. Өрттің шығу себебін анықтап жатырмыз.

Төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлерінің айтуынша өңірде өрт саны жиілеген. 5 күндік демалыс кезінде, тіпті, 7 факті тіркелген. Оқиғалардың басым бөлігі наурыздың 23-і күні болды. 3 жайттың 2-уі облыс орталығында орын алды.

Ғ.Мүсірепов көшесіндегі 5 қабатты баспанада от жертөледен шықты. Себеп – салғырттық. Салдарынан 25 адам эвакуацияланды. Абырой болғанда ешкім зардап шеккен жоқ. Өрт сөндірушілер жертөледен тағы да 50 литрлік 2 бірдей газ баллонын шығарған. Бұл күні Назарбаев көшесінде де төтенше жағдай туындады. Тілсіз жау 5 қабатты пәтердің 2-ші қабатында бас көтерді. Оттың пайда болуына оған деген немқұрайлылық түрткі болып отыр.

Дмитрий Растихин – СҚО ТЖД бөлім бастығы: 

– Көп жағдайда тұрғындардың отты пайдалануда жауапкершілік танытпауы төтенше жағдайға әкеп соқтырады. Ғ.Мүсірепов ауданындағы Новоишимское селосында пеш тұрбасының уақытында тазаланбауының салдарынан түтін үйге кірген. 82 жастағы әйел адам уланып қалып, ауруханаға жеткізілді. Қазір жағдайы бірқалыпты.

Жалпы, жыл басынан бері облыс аумағында 166 өрт оқиғасы тіркелген. 24 адам көз жұмып, 29 адам түрлі дене жарақатын алған. Өрттен келген материалдық шығын көлемі 71 млн теңгеден асады.