Спорт

Петропавлда ардагерлер арасында бильярдтан ашық қалалық турнир өтті

Ардагерлер де сынға түсті! Бірақ, аға буын өкілдері мұз айдынында емес, бильярдтан өткен ашық қалалық турнирде мықтыны анықтады.Тәуелсіздіктің 30 жылдығы мен Наурыз мерекесіне орай ұйымдастырылған сайысқа / 16 адам қатысты.

Владимир Хижняк бильярд таяғын қолына алғаш рет оқушы күнінде алыпты. Содан бері түрлі деңгейдегі жарыстарға қатысып, талай мәрте жүлдегер атанған екен. Мәселен, елордада дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын Президент кубогында да бірнеше рет сәтті өнер көрсеткен. Бүгін 58 жастағы азамат өзінің шеберлігін ашық қалалық турнирде сынап жатыр. Әзірге, аяқ алысы жаман емес.

Владимир Хижняк – сайысқа қатысушы: 

– Бильярд ойнауды бала кезімнен жақсы көремін. Бұл спорт түрі адамды сенімді, әдепті болуға баулиды және бойдағы шыдамдылық, шеберлік сынды қасиеттерді одан әрі шыңдайды. Әрі денсаулықты да жақсартады. Үнемі қимыл-қозғалыста боламыз, шахматтағыдай ойлап, логиканы дамытамыз. Ойын барысында үстелді сан мәрте айналып, орта есеппен 5 мың қадам жасаймыз. Бұл сырт көзге көрінбеуі мүмкін. Бильярд – адамды психологиялық, физикалық тұрғыда шыңдайтын спорт түрі.

Турнирге Владимир Хижняктың замандастары қатысып жатыр. Нақтырақ айтсақ, жарыс бильярд спортының жілігін шағып, майын ішкен ардагерлер арасында алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Мұнда 50 жастан астан 16 азамат бақ сынауда. Тартысқа толы дода Тәуелсіздіктің 30 жылдығына және Наурыз мерекесіне орайластырылған.

Егор Пистогов – СҚО бильярд спорты федерациясының жетекшісі:

– Турнир наурыздың 20-сы бастау алды. Алқашқы күні 16 спортшы өзара бақ сынап, іріктеуден 8 адам өтті. Қазір жартылай финалдық ойындар өтуде. Көп ұзамай финалға жолдама алған үздіктер анықталады. Айта кетейік, ардагерлер бильярдтың ең кең тараған түрі “Пирамида” бойынша сайысуда.

Жарыстың қорытындысын жария етейік. 1-ші орын Айтан Сағиев есімді азаматқа бұйырды. Ал Владимир Хижняк – 2-ші, Владимир Бортников 3-ші орынды қанжығалады.

Дана Ешкенова