Құқық қорғау органдары

Ақжар ауданында қылмыс саны 41% азайған

Былтыр Ақжар ауданында қылмыс саны азайған. Жергілікті тәртіп сақшыларының айтуынша, көрсеткіш 2019-бен салыстырғанда 41%-ға төмендеген.

Мұндай нәтижеге халық арасында белсенді түрде жүргізілген түсіндіру жұмыстарының арқасында қол жеткіздік дейді мамандар. Айта кетейік, өткен аптада облыстық полиция департаментінің бастығы Марат Төлебаев Ақжар және Уәлиханов аудандарының тұрғындарымен жүздесіп, жергілікті тәртіп сақшыларының 1 жылда атқарған шаруаларымен танысқан еді. Жұмыс сапары барысында өңірдің бас полицейі қос ауданның мамандарына жаңа “102” мобильдік қосымшасының жұмыс істеу алгоритмін түсіндірді. Сонымен қатар, халыққа интернет алаяқтардың арбауынан сақтану жайлы жиі айту керектігін тапсырды. Себебі, бұл – қазіргі күні өршіп тұрған қылмыстардың бірі және көп жағдайда пысықайларды анықтау мүмкін болмай жатады. Жалпы айтар болсақ, қос ауданда да қылмыс фактілерінің азайғаны байқалады.

Руслан Әлижанов – Уәлиханов аудандық полиция бөлімінің бастығы:

– Интернет-алаяқтық әлі күнге дейін көп таралған қылмыстардың қатарына кіреді. Оның себебі де айқын. Карантин уақытында жұрттың көбісі жаппай онлайн сауда жасауға көшті. Мұны оңай жолмен ақша тапқысы келетін пысықайлар өз мақсаттарына пайдаланды. Былтыр ауданда мұндай 1 факті тіркелді. Дегенмен, профилактикалық шара ретінде халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз.

Бердимурат Баймухан