Білім

“Мың бала” олимпиадасына тіркеу жүріп жатыр

Өткен жылы республикалық “Мың бала” олимпиадасына өңірімізден 8700-ден аса оқушы қатысып, 200-і екінші кезеңге өткен. Тамыз айында алғырлар тағы бір мәрте білімдерін сынап, 69 оқушы жеңімпаз атаныпты. Білімділердің арасында Татьяна Новичкованың қызы Ярослава да бар.

Татьяна Новичкова:

 – Қызым жеңімпаздар қатарынан көрінгендіктен, сыйлық ретінде ноутбук сыйланды. Сондай-ақ, Ярослава Елбасы Академиясында оқу мүмкіндігін иеленді. Биыл ол 6-шы сыныпта оқиды. Тағы да қатысуға ниет білдіруде.

5-ші сынып оқушылары онлайн платформадағы курстарға қол жеткізсе, 6-шы сыныпта оқитын жеткіншектер еліміздегі алдыңғы қатарлы білім ошақтарына жолдама алды. Атап айтсақ, жеңімпаздарға “Білім-Инновация” лицейі, “Дарын” мен Алматы қаласындағы физика-математика мектебіне грант берілді. Қуантарлығы сол – “Мың бала» олимпиадасы биыл да ұйымдастырылмақ.

Роза Сәркен – СҚО білім беру саласындағы әдістемелік жұмыс және ақпараттық технологиялар орталығының директоры:

– Олимпиада екі кезеңде өткізіледі. Бірінші кезең логикалық және кеңістіктік ойлауды бағалауды қамтиды. Тестілеу Елбасы Академиясының платформасында онлайн форматта өткізіледі. Олимпиаданың екінші кезеңі өңірлік тестілеу орталықтары базасында жеке өткізіледі.

Байқауға ауыл мектептерінде оқитын 5-ші және 6-шы сынып оқушылары қатыса алады. Ол үшін наурыздың 24-іне дейін экранда көрсетілген сілтеме бойынша тіркелу қажет. Дәл осы сайттан іріктеу кезеңдерінде кездесетін тапсырмалардың үлгілерін де табуға болады.

 

 

Эльмира Садвокасова