МТРА жаңалықтарыМәдениет

«Қайырымдылық керуені» байқауының қатысушылары марапатталды

«Қайырымдылық керуені» байқауы өткен жылдың қазан айында бастау алған болатын. Оған ел бойынша 750-ге жуық адам қатысыпты. Оның 40-қа жуығы -солтүстікқазақстандықтар. Белсенді тұрғындар коронавирус кезінде қиындыққа тап болған жандарға көмек қолын созды, қиын кезде жанынан табылды. Осылайша, індетпен күресте алғы шепте жүргендердің қатарына қосылды.

Ғани Нығыметов – СҚО әкімінің орынбасары:

– Сіздерге үлкен алғысымды айтамын. Өткен жылдан бері оңай болып жатқан жоқ. Эпиджағдайды жақсы білесіздер. Қиын уақытта баршаңыз бір-бірімізге көмек көрсетіп, қайырымдылық жасадыңыздар.

Жұдырық болып жұмылуға шақыратын республикалық байқау ақпанның 26-сы күні мәреге жеткен болатын. Оған «Urpaq» қазақ мәдени- ағарту орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Гүлбақша Мұсабаева да қатысты. Жерлесіміз жастар арасында ұлттық құндылықтарды дәріптейді. Ал індет пайда болды деген кезде ерікті атанып, жалғызбасты қарттар мен көпбалалы жанұяларға әлеуметтік қоржын жеткізіп отырған. Одан өзге де игі істерді ұйымдастыруда септескен екен.

Гүлбақша Мұсабаева – «Urpaq» қазақ мәдени-ағарту орталығы» ҚБ төрайымы:

– Пандемиядан көп адам көз жұмды. Дәрігерлер 24 сағат бойы тік тұрып қызмет етті. Сонда біз челленджға қосылдық. Мамандарға түскі уақытта ыстық тамақ бердік. Жастар қатыса берсін деп айтқым келеді.

Бүгін Гүлбақша Мұсабаева «Асар» номинациясы бойынша марапатталды. Қоғам белсендісіне Нұрсұлтан Назарбаев қорының директоры Дариға Назарбаеваның алғыс хаты табыс етілді.

Ал өзге белсенді тұрғындар «Туған жер», «Батыл жүрек», «Мейірім жолында», «Қайырымдылық тарихы» аталымдары бойынша марапатталды.

Бақытжан Сәмиева – СҚО әйелдер күштері альянсының төрайымы:

– Біздің қалада осындай жандардың болғанына өте қуаныштымын. Бір-бірімізді қолдаймыз. Жұмыла көтерген жүк жеңіл. Есенғали Ыбраев лауреат атанды. Біздің елімізде тұрмаса да қандасымыз. Бізге көп көмек көрсетті.

Мерекелік жиын соңында ән мен биден шашу шашылды.

 

 

Маржан Касымбек