Мәдениет

Әз Наурыз театр сахнасында тойланды

Қара шаңырақтағы биылғы Наурыздың тойлануы жылдағыдан ерекше. Себебі, сахна төрінде актерлер ғана емес, барлық театр ұжымы бой көрсетті. Оның ішінде есеп бөліміндегі қызметкерлерден бастап жүргізушілерге дейін бар. Рашида Ибраева мұнда театр ашылғаннан бері қызмет етіп келеді. 20 жылдық еңбек өтілі бар нәзікжанды орталық қойманың меңгерушісі болып жұмыс істейді. Бүгін ол алғаш рет өнер ұжымымен бірге киелі сахнада өнер көрсетті. Нәзікжанды актерлермен бірге «Күйеу түсу» салтын сахналады.

Рашида Ибраева – С.Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрының қызметкері:

– Мен өзім әжесі болып ойнаймын. Біз өзіміздің немере қызымызды беріп, күйеу баланы қарсы алып жатырмыз. Өте қобалжып тұрмын. Айтатын сөздерім бар, оны жаттап, уақытында айту керек. Бірақ, барлығы жақсы өтеді деп ойлаймын. Себебі, Наурыз мерекесіне ғой. Мейрамда жақсылық болады.

«Күйеу түсу» дәстүрі – көнеден келе жатқан салттардың бірі. Жігіт қыздың үйіне барып, сынақтан өтеді. Яғни, қалыңдықтың әпке-жеңгелері күйеу жігітке арнайы тапсырма дайындап, оның мәрттігін, адамгершілігін бағалайды. Одан кейін дәстүр бойынша бойжеткен үйінен ұзатылып, қайын жұртына аттанады. Ал ол жақта жаңа түскен келін үшін “Беташар” рәсімі өткізіледі. Бүгін аталғандардың барлығын өнер ұжымы өзара 5 ауылға бөлініп, сахналады.

Айбол Қасым – С.Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрының актері:

– Біздің топтың алған тақырыбы – «Беташар». Өзіміздің ауылымызға келін түсіріп, сол шаңырақта келіннің бетін ашамыз. Мен әдеттегідей, жаршының рөлін сомдаймын.

Ерекше шараға 100-ден астам адам тартылған. Өнерлі жерлестеріміз ежелден келе жатқан салт-дәстүрлеріміз бен көне ұлттық ойындардың тарихы мен ережесін баян етті.

Біржан Жалғасбаев – С.Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрының директоры:

– Біз ұжымды беске бөлдік. Әр ауылдың өз атауы мен берілген тапсырмалары бар. Бұл жерде 1,2-ші орын деген жоқ. Тек номинациялар бойынша анықталады. Өзіміздің қызметкерлерімізді бір жағынан серпілтіп, ұлттық салт-дәстүрімізді жастарға дәріптеу мақсатында өткізіп отырмыз.

Мерекелік жиын соңында мол дастархан жайылып, ұлттық тағамдар ұсынылды.

 

Алтынай Казиканова