Денсаулық сақтау

Өңірде коронавирусқа қарсы екпе салудың екінші кезеңі жүріп жатыр

Өңірде иммундау науқанының екінші кезеңі жүріп жатыр. Бұл жолы Ресейден  “Спутник V” вакцинасының 3 мыңға жуық дозасы жеткізілген. Коронавирусқа қарсы екпе мұғалімдерге, тәртіп сақшылары мен күш құрылымдарының мамандарына және созылмалы дерттері бар жандарға қойылуда. Бұл туралы
өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында өткен брифинг барысында айтылды.

Ақпанның бірінен бастап елімізде коронавирусқа қарсы екпе егу науқаны бастау алған болатын. Бүгінге дейін 95 мыңнан астам отандасымызға Ресейде шығарылған “Спутник V” вакцинасы салынды. Соның ішінде аталған дозаның 1200-і біздің өңірге жеткізілді. Препарат бірінші кезекте инфекциялық стационарларда еңбектенетін ақхалаттыларға қойылды. Кейін иммундау науқанына өзге де медициналық қызметкерлер қатысты. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Құмар Күсемісовтің сөзінше өлкеде вакциналаудың алғашқы кезеңі ойдағыдай өтті.

Құмар Күсемісов – СҚО денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:

– Бүгінге дейін вакцина алғандардың барлығының жағдайы жақсы. Ешқайсысында жағымсыз реакция туындаған жоқ. Біз екпе қоймас бұрын бірінші келген адамды жіті тексерістен өткіземіз. Вакцина дәрігер өз рұқсатын бергеннен кейін ғана қойылады.

Ал наурыздың 1-і күні өңірде вакциналаудың екінші толқыны бастау алды. Бұл жолы да Мәскеудегі “Гамалей” институтының мамандары әзірлеген вакцинаның 2800 дозасы жеткізілді. “Спутник V” медициналық мамандарға, ұстаздар қауымына, күш құрылымдары мен полиция қызметкерлеріне және созылмалы дерттері бар жандарға қойылып жатыр.

Құмар Күсемісов – СҚО денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:

– Әзірге, 2800 дозаның 1006-сы қойылды. Бұл жолы вакцинамен 240 медициналық қызметкер, 254 мұғалім, 155 полиция қызметкері және күш құрылымдарының 125 маманы қамтылды. Екпе егу науқаны әлі жалғасады. Вакциналанған азаматтардың барлығы – дәрігерлердің бақылауында.

Екпе егу бойынша өңірде арнайы 19 қосын белгіленген. Соның 4-уі облыс орталығында орналасқан.

Дана Сәлімқызы