МТРА жаңалықтарыӘр түрлі

Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаменті өткен жылды қорытындылады

СҚО-да қазынадан жымқырған қаражатқа 2 бірдей ғимарат сатып алған экс-шенеуніктің қитұрқы әрекеті анықталып, қос нысан да мемлекет меншіне қайтарылды. Енді олардың бірін – АРТ-орталыққа, екіншісін емдеу орнына айналдыру көзделіп отыр. Бұл жайлы облыстық мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаментінде айтылды.

Өткен жылы өңірімізде жекешелендірілген мүліктерді сату бойынша 11 аукцион өткізілген. Түскен қаражат 24 млн теңгеден асады. Қомақты қаржы ел қазынасына қайтарылған. Ал тәркіленген басқа да заттар тиісті заңға сәйкес кейбір мемлекеттік мекемелерге тегін берілген екен. Мәселен, сатылымға заңсыз шығарылған медициналық маска, қорғаныс костюмі, қолғап, спирт, дизель отыны, бензин үлестірілген. Бұл дүниелер қаладағы Әскери институтқа және Қостанай облыстық сотына жіберіліпті.

Аман Төрегелдин – СҚО мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаментінің басшысы:

– Біз тәркіленген мүліктерді сатамыз. Мемлекеттік мекемелерге тапсырылады. Керек заттар болса. «Снегоход» берілді. Автомашина, медициналық маска, спирт, битум табысталды.

Сондай-ақ, заңсыз сатып алынған 2 ғимарат мемлекет меншігіне қайтарылды. Бұл қос нысан жайлы толығырақ баяндайық. Былтыр қаржы басқармасы басшысының орынбасары қазынадан бақандай 500 млн теңге жымқырғаны үшін темір торға тоғытылған болатын. Пысықай экс-шенеунік көлденең жолмен келген сол қаржының бір бөлігіне шаһардағы қоғамдық тамақтану орны мен балалар орталығын сатып алып үлгеріпті. Оның қылмысы дәлелденген соң заңсыз иеленген мүлік тәркіленіп алынған. Алдағы уақытта сол ғимараттардың бірін – АРТ-орталыққа, екіншісін емдеу орнына айналдыру көзделіп отыр. Облыстық мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаментінің мамандары биыл өңірдің 3 ауданында оңтайландыру жұмыстарын да жүргізіп жатырмыз дейді. Мақсат – қазынадағы ақшаны үнемдеу.

Аман Төрегелдин – СҚО мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаментінің басшысы:

– Салық бөлімшелерін бір ғимаратқа көшіріп, бір нысанды босаттық. Ол – 1300 шаршы метр. Аудандық мүлікке бердік.  Мемлекеттік мекемелерде бос орындар болса, соны арендаға беру бойынша жұмыс істелінді. 95 шарт бар бізде. 2300 шаршы метрі жалға берілді. 24 млн ақша түсті. Бұл 2019-бен салыстырғанда 36 пайызға аздау болды.

Былтыр мемлекеттік қызметшілерге сыйлық беруге қатысты бір факті тіркелген. Бәз біреу жергілікті департаменттердің бірінде еңбектенетін маманға 1 қорап шоколад сыйға тартқан екен. Тәтті тәркіленді. Бірақ, жарамдылық мерзімі өткендіктен аукционға қойылмапты.

Маржан Қасымбек