Құқық қорғау органдары

Жемқорлық тәуекелдерін анықтау

Антикор орталығының мамандары  сәуір айының 15-іне дейін 3 мекемеде сараптамалық тексеру жүргізбекші. Мақсат – жемқорлыққа жол беретін жағдайларды анықтау. Бүгін осы турасында  қалада 3 мемлекеттік орган өкілдерінің қатысуымен кезекті жиын өтті.

Жемқорлық тәуекелі жоғары жерде заңға қайшы әрекет кездесуі мүмкін. Жемқорлыққа қарсы қызмет өкілдері жүргізетін сараптама жұмыстары барысында осы олқылықтар анықталады, оны жою бойынша ұсыныстар беріледі. Мамандардың айтуынша бармақ басты, көз қыстылық фактілеріне жол беретін жағдайлар өңірде мемлекеттік қаражатты жұмсау мен жұмыс орындарын құру бағыттарында кездеседі.

Жарқын Ғалымов – ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі СҚО бойынша департаментінің басшысы:


–  Осыған дейін сараптамалық жұмыстар әлеуметтік қызмет көрсету саласында жүргізілсе, осы жолы басымдықты жұмыспен қамту және еңбек қатынастары бағытына беріп отырмыз.

Жемқорлық тәуекелдер анықталатын сараптамалық жұмыс барысында негізінен қызметкерлерді басқару және мемлекеттік қызметтерді көрсетудің сапасы бағаланады. Тиісті құжаттар тексеріледі. Тәуекел анықталса, оны жоюға қатысты ұсыныс тасталғаннан кейін оған қатысты тиісті жоспар 7 күннің ішінде құрылуы тиіс.

Алмаз Қошманов – СҚО жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы:


–  Біздің басқармада жемқорлық тәуекелдерін анықтау бойынша сараптама 2019 жылы жүргізілді. Сол кезде 9 олқылық анықталған болатын. Оның барлығы бір жыл ішінде ретке келтірілді.

Жемқорлыққа қарсы қызмет өкілдері кезекті сараптамалық тексерулерін жұмыспен қамту және еңбек қатынастары бағытында наурыздың 17-сінен бастап жүргізбек. Осы жолы 3 мекеме қамтылмақ.

Жанна Бисенова