Құқық қорғау органдары

СҚО ПД бастығы Марат Төлебаев есептік кездесу өткізді

Өңірде интернет-алаяқтық өршіп тұр. Өткен жылы 2019-ға қарағанда мұндай жағдайлар 118 пайызға көп тіркеліп отыр. Былтыр 500 факті анықталса, соның 100-ден астамының ғана беті ашылған. Интернет кеңістігінде қаптаған қулардың әрекетін тыю мақсатында қолға алынған шаралар жайлы  ПД бастығы Марат Төлебаевтің есептік кездесуінде айтылды.

Өткен жылы өңірде 4766 қылмыс тіркелген. Қылмыстар саны 2019 жылмен салыстырғанда 26 пайызға азайған. Соның ішінде адам өлтіру және денсаулыққа зиян келтіру жағдайлары біршама төмендепті. Облыстық полиция департаментінің бастығы Марат Төлебаевтың сөзінше, орын алған статистикаға енгізілген карантин қағидалары себеп болған. Шектеу шараларының кері тұстары да байқалды. Артта қалған 12 айда өлкемізде 500-ге жуық интернет алаяқтық фактісі тіркелген. Яғни, ғаламтор мен әлеуметтік желілер қулардың арам ойларын жүзеге асыратын ортаға айналған.

Марат Төлебаев – СҚО ПД бастығы:

– Өткен 12 айда облыс аумағында интернет арқылы алаяқтық жасау 2019 жылмен салыстырғанда 118 пайызға өсіп отыр. Қылмыстың алдын алу үшін ПД жедел уәкілдері 2 мыңнан астам хабарландыруды тексерді. Нәтижесінде 122 жалған аккаунт пен хабарлама бұғатталды.
Сондай-ақ, былтыр 100-ден астам интернет-алаяқтық қылмысының беті ашылған. Бүгінде киберқылмыскерлердің құрығына түспес үшін полицейлер тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.

Жиын барысында Марат Төлебаев облыста орын алған жол-көлік оқиғаларына да тоқталып өтті. Былтыр жол көлік-оқиғалары 12 пайызға азайғанымен, жолда қаза тапқандардың саны 23 пайызға көбейген. Өткен жылы есірткіге қатысты 200-ге жуық факті тіркелген. Заңсыз айналымнан 462 келіден астам түрлі зиянды зат тәркіленіп алынған. Оның 1 жарым киллограмы – синтетикалық есірткі. Сондай-ақ, өткен жылы мамандар синтетикалық есірткі сатумен айналысқан 6 интернет-дүкенді анықтаған. Марат Төлебаев өлкедегі отбасылық-тұрмыстық қылмыс санына да тоқталып өтті.

Марат Төлебаев – СҚО ПД бастығы:

– Өткен жылы аймағымызда отбасылық-тұрмыстық қылмыстың саны 10 пайызға артқан. Мұндай жағдайлардың алдын алу мақсатында 2075 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оның 544-і қамауға алынды.

Айта кетейік, есептік кездесу полиция департаментінің Facebook және Instagram әлеуметтік желілеріндегі ресми парақшалары арқылы көрсетілді. Жиын барысында тұрғындар өңірдің бас полицейіне 20-дан астам сауал жолдады. Солтүстікқазақстандықтарды есірткі және интернет-алаяқтық фактілерінің белең алуы толғандырады.

Дана Ешкенова