ТКШҚұрылыс

Петропавлда көпқабатты 22 үй салынып жатыр

Қазіргі таңда Петропавлда / көпқабатты / 22 үйдің құрылысы жүріп жатыр. Бой көтеріп жатқан нысандардың бірі Уәлиханов көшесінің бойында орналасқан. Мұнда 9 қабатты баспананың қабырғасы қалануда. Құны 1 млрд теңгеге жуықтайтын жобаның жүзеге асырылуына – жергілікті “Альфа-Север” серіктестігі жауапты.

 

Бұрын Уәлиханов көшесі бойындағы мына аумақ мүлде өзгеше кейіпте болатын. Мұнда талай жыл бұрын салынған жер үйлер ескіріп, құлайын деп тұрған еді. Ал өткен маусымда олардың бәрі сүрілді. Баспана иелерінінің бірі өз таңдауымен мемлекеттен өтемақы алды, басқалары жаңа шаңырақтың кілтіне қол жеткізді.

Осы күні сүрілген аумақта көпқабатты үй салынуда. Нысанның құрылысы өткен жылдың тамызында бастау алған. Мамандар бүгінге дейін шаруаның біраз бөлігін тындырыпты. Ғимараттың іргетасы құйылып, 3-ші қабатқа дейін көтерілген. Қазір бөлмелері бөлініп жатыр. Сонымен қатар, 1-ші және 2-ші қабаттардағы пәтерлердің терезелері орнатылуда. Жауапты іс жергілікті «Альфа-Север» серіктестігіне сеніп тапсырылған.

Андрей Капустин – «Альфа-Север» ЖШС директоры:

– Биыл қыс суық болды. Ауа температурасы минус 30 градустан асқан кезде шаруаны бірнеше күнге тоқтата тұруымызға тура келді. Соның салдарынан бекітілген жоспардан аздап кешігіп жатырмыз. Дегенмен, алдағы күндері қатарымызға тағы жұмыс күшін қосып, бәрін қалыпқа келтіреміз деп ойлаймыз.

Нысан 9 қабаттан тұрмақ. Ішінде 2 және 3 бөлмелі 72 пәтер болады. Аудандары жайлы ақпармен бөлісейік. 2 бөлмелі баспананың аумағы – 38, ал 3 бөлмелінікі 53 шаршы метрді құрамақ.

Андрей Капустин – «Альфа-Север» ЖШС директоры:


–  Үйде 2 бөлмелі – 34, 3 бөлмелі – 36 және 1 бөлмелі 2 пәтер болады. Айта кеткен жөн, құрылыста тек елімізде әзірленген материалдарды ғана қолданып жатырмыз. Сапасы жоғары. Ал жалпы нысанды салуға 1 млрд теңгеге жуық ақша бөлінген.

Жаңа үйдің құрылысы үстіміздегі жылдың маусым айында аяқталады. 9 қабатты нысан солтүстікқазақстандықтарға ипотекалық бағдарламалар бойынша берілмек. Бір шаршы метрінің құны қанша болатындығы жазда жария етілмек. Жалпы, бүгінде Петропавлда бұдан басқа тағы 21 көпқабатты үй салынып жатыр.

 

Маржан Қасымбек