МТРА жаңалықтарыCOVID-19: Қазақстан

Пандемия жағдайындағы СҚО

Естеріңізге сала кетейік, былтыр наурыз айының 13-і күні Қазақстанда алғаш рет коронавирус тіркелген болатын. Осыған байланысты елімізде қатаң карантин талаптары енгізілді. Яғни, жұрт жаппай оқшаулануға көшті. Міне содан бері 1 жыл өтті. Пандемия жерлестеріміздің тұрмыс-тіршілігіне қалай әсер етті.

–  Әдетте көктем келе салысымен дүркіретіп Наурыз тойы тойланады. Қақаған қыстың құрсауынан шыққан ағайын-туыс бір-бірімен қауышып, жайма-шуақ мезгілді, мейрамды қарсы алады. Бірақ, 2020 жылдың көктемі елімізде локдаунмен басталды. Өйткені, жаһанды жайлаған коронавирус наурыздың 13-і күні Қазақстанға да келіп жетті. Елде төтенше жағдай жарияланды.

Қытайдан алты қырға таралған инфекцияны сонау Германиядан Алматыға 2 азамат алып келді. Елді вирус жайлады, көпшіліктің көңіліне қорқыныш сезімі ұялады. Ал мемлекет көрінбейтін жаумен күреске кірісті.

Араға 10 тәулік салып қауіпті індет Солтүстік Қазақстан облысына да келіп жетті.

–  Эпидахуал ушығып, төтенше жағдай жарияланғандықтан солтүстікқазақстандықтардың өмірі түбегейлі өзгерді. Аймақта санитарлық қағидалар бекітіліп, сан мәрте күшейтілді. Бірақ, коронавирус жұртшылыққа одан әрі жұға берді. Пандемия жерлестеріміздің денсаулығынан бөлек, күнделікті жұмысы мен жүріп-тұруларына да әсер етпей қоймады. Әуежай, пойыз, автобус тасымалы шектелді.

Коронавирустың келуі сан салаға әсер етті. Әсіресе, бизнеске, оның ішінде қызмет көрсету саласына оңай түспеді. Бизнесмендер тығырықтан шығудың жолдарын іздестірді.
Қасым Амангелді – жас кәсіпкер. Іскер жан осыдан 3 жыл бұрын “Бастау Бизнес” жобасы арқылы кәсіпкерліктің қыр-сырын меңгеріп, былтыр жеке шаштараз ашқан. Пандемия жұмысыма әсер етпей қоймады дейді ол.

Қасым Амангелді – кәсіпкер:

– Мен шаштараз орнын ашқан соң өңіріміз бірнеше айға карантинге жабылып қалды. Осылайша жұмысым тоқтап қалды. Бірақ, мемлекет бізді шетте қалдырмай 42500 теңге төледі. Қазір өңіріміз жасыл аймақта. Жұмысымыз ақырындап жанданып келеді.

Жақында ел билігі дертті түпкілікті жеңу үшін вакцина қолдануға көшті. Баршаға мәлім, елімізде ақпанның бірінен вакциналау науқаны басталды. Ресейде шығарылған «Спутник V» алдымен медицина қызметкерлері мен мемлекеттік қызметкерлерге қойылды. Көп ұзамай елімізде отандық өнім де қолданылатын болады. Бүгінде «KazCovid-in» екпесі әзірленіп жатыр. Тұрғындар да карантин қағидаларына бейжай қарамаймыз дейді.

–  Үйде отырдық. Бір жерге барсақ маска киеміз. Қазір далада таза ауамен дем алмақшы болып шешіп қойдым.

– Сабақ оқу қиын. Үйде мектепте отырғандай әсер ала алмайсың. Ой бөлініп кете береді. Пандемия тезірек бітсе екен деймін.

– Қазір біртіндеп бәрі өз қалпына келіп жатыр. 3 жылға созылып кетуі мүмкін деп айтады жұрт. Бірақ, олай болмайды деп ойлаймын.

Қазіргі күні облысымыз «жасыл» аймаққа еніп, карантиндік қағидалар жеңілдетілді. Бірақ, вирус түбегейлі жойылған жоқ. Сондықтан, дәрігерлер мен санитар мамандар жерлестерімізді сақ болуға шақырады.

Бердимурат Баймухан