Мәдениет

Ақан сері атындағы облыстық филармонияда концерт өтті

“Мерекелік шашу”. Ақан сері атындағы облыстық филармонияда Көрісу күні мен әз Наурыз мейрамына орай концерт ұйымдастырылды. Ән әуелеген кеш барысында / жергілікті өнер майталмандары 20-ға жуық туынды орындады.

Көрермен қауым көп күтпеді. Аз уақыттан соң ортаға филармонияның күміс көмей әншілері шығып, өнерлерін паш етті. Талантты жандар әу дегеннен-ақ сахна да, зал да жанданып, атмосфера өзгеріп сала берді. Көрермен санын карантинге дейінгі уақытпен салыстырсақ, бірнеше есеге азайған. Бірақ, бұл өнер иелерінің көңілін көпшітпеген екен.

Мұхит Ахметов – Ақан сері атындағы облыстық филармонияның әншісі:

– Көрермендерді сағындық. Арамызда қазір сондай байланыс болып жатыр. Бұл бірінші концерт емес. Карантин жеңілдетілгелі бері аптасына кем дегенде 3-4 кеш ұйымдастырудамыз.

«Қазағым-ай». Ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың қаламынан туған бұл туындыны естімеген, оқымыған қазақ жоқ шығар. Әрбір сөзі жүректі елжіретіп жіберетін шығарманы Ақан сері атындағы облыстық филармонияның әншісі Нариман Жолдасбеков құлақтың құрышын қандыра орындап берді.

Тыңдармандар Абайдың көпке танымал өлеңдерімен де сусындады. Ерекшелігі сол, әндер заманауи нақышта орындалды. Жалпы, бұл концерт Көрісу күні мен әз Наурыз мейрамына орай ұйымдастырылған. Жергілікті өнер майталмандары мұнымен шектелмей, солтүстікқазақстандықтарға арнап өзге де тосын сый әзірлеп қойған екен.

Мұхит Ахметов – Ақан сері атындағы облыстық филармонияның әншісі:

– Наурыз айы мерекеге толы. Сондықтан, алдағы күндері «Алтыбақан аясында» концерті өтеді. Одан кейін «Наурыз думан» кеші ұйымдастырылмақ. Барша солтүстікқазақстандықтарды осы Ұлыстың ұлы күнімен құттықтаймын. Еліміз аман болсын.

Ән әуелеген кеш барысында 20-ға жуық туынды орындалды.

Маржан Қасымбек