Аптадағы маңызды жаңалықтар

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыстық департаментінің басшысы ауысты

ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі жергілікті департаментінің бұрынғы басшысы Ернар Баянғазин Павлодар облысына ауыстырылды. Оның орнына Жарқын Ғалымов тағайындалды. Жарқын Сайлауұлы 3 жоғарғы оқу орнын тәмамдаған. Еңбек жолын 2000-шы жылдары Ақмола облысындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтен бастаған. Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің орталық аппаратында еңбектенді. Ақтөбе облысында және СҚО бойынша бейінді департамент басшысының орынбасары болып қызмет етті.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– 2019 жылғы шілдеден бүгінге дейін ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің 2-ші департаменті басшысының орынбасары қызметін атқарды. Солтүстік Қазақстан облысында осы бағытта істеліп жатқан жұмысты едәуір деп айтуға болады. Сыбайлас жемқорлық деңгейі төмен. Бұл жүйелі жұмыстың бір нәтижесі деп айтар едім.

Бармақ басты, көз қыстылықты болдырмау мақсатында былтыр өңірде біраз шаруа атқарылды.

Қуаныш Жапақов – ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Аппарат басшысы:

– Былтыр теріскей өңірінде профилактикалық жұмыстарға басымдық берілді. Атқарылған шаруаның нәтижесінде және облыс әкімінің қолдауының арқасында оң көрсеткіштерді көріп отырмыз. Солтүстік Қазақстан облысы ел бойынша сыбайлас жемқорлық фактісі сирек тіркелетін өңірге жатады.

Жиын соңында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық департаментінің жаңа басшысы Жарқын Ғалымов міндетін абыроймен атқаруға уәде берді.

 

 

 

 

Маржан Касымбек