МТРА жаңалықтарыҚұрылыс

Облыс әкімі жаңа аурухананың құрылысымен танысты

Жаңа емдеу мекемесінің құрылысы 1 жыл бұрын басталған болатын. Ең алдымен нысанды салуға арналған жер дайындалып, қазық қағылды. Ал қазір қиыршық тас төселіп, цемент құйылып жатыр. Шаруа күннің суығына қарамастан қызу жүріп жатыр. Мамандар ол үшін арнайы шатыр құрып алған екен. Оның ішіндегі ауа температурасы +15 градусты құрайды. Бұл цементтің дұрыс қатуына септеседі. Жұмыс қалай жүріп жатыр? Облыс әкімі Құмар Ақсақалов құрылыс барысымен танысу үшін арнайы келді.

Цемент құю жұмыстары 72 мың шаршы метр жерді қамтыған. Шаруа сәуір айында аяқталуы тиіс. Бұдан кейін негізгі ғимараттың құрылысы басталады. Істің барлығы түркиялық мамандар ұсынған жоба бойынша жүргізіледі. Қазір мұнда 500-ден астам құрылысшы еңбек етуде. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында салынып жатқан аурухана 3 корпустан тұрады. Олар: хирургиялық, терапевтік және консультативтік-диагностикалық.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Бұл біздің еліміздегі ең заманауи аурухана болмақ. Мекемеге соңғы үлгідегі медициналық құрал-жабдықтар орнатылады. Мұнда өзге өңірлер мен шет мемлекеттердің де тұрғындары келіп, ақылы түрде ем алатын болады. Ал жерлестерімізге білікті мамандардың кеңес беруі мен көмегі тегін көрсетілмек.

Жалпы, заманауи аурухананың бой көтеруіне 115 млрд теңге инвестиция құйылған. Жоспарға сәйкес, нысанның құрылысы 2022 жылы аяқталуы тиіс.

 

 

 

 

Маржан Касымбек