Білім

Биылдан бастап ҰБТ компьютер арқылы тапсырылады

Биыл өңірде 3400 оқушы мектеп тәмамдамақ. Олардың басым бөлігі Ұлттық бірыңғай тестілеу тапсыруға ниет танытып отыр. Өтініш білдіргендердің арасында Алдияр Эрсаин да бар. Қаладағы мектептердің бірінде 11-сыныпта оқитын жас болашақта дәрігер болуды армандайды. Сол үшін сынаққа жақсылап дайындалып жатыр екен. Жатпай-тұрмай 3 негізгі пәнге қоса химия мен биологияны оқып жүрген көрінеді. Бүгін Алдияр сыныптастарымен бірге республикалық “Қазбілім” орталығының жергілікті филиалына келді. Мұнда жастар ҰБТ-ға енгізілген жаңашылдықтармен танысуда.

Алдияр Эрсаин – оқушы:

– Биылдан бастап ҰБТ-ны жаңа форматта тапсырамыз, ешқандай тест қағаздары болмайды деп естідік. Бұрындары түлектер тест жауаптарын қағазға түсірген кезде біршама уақыт жоғалтатын әрі белгілі бір қиындықтар туындайтын. Қағазды компьютер алмастырмақ. Бұл – қуантарлық жағдай.

Бұл – қабылданған алғашқы жаңашылдық. Келесі өзгерісті баян етейік. Биылдан бастап түлектер тестілеуді 3 ай ішінде тапсыра алады. Естеріңізде болса, бұрын емтихан 10 күнге ғана созылатын. Әрі үстіміздегі жылдан бастап сынақ тапсыруға сыныппен емес, түлектің өзі жалғыз кіруіне де болады. Және жастар тестілеуді өзі тіркелген учаскеден бөлек, еліміздегі кез келген қосында тапсыра алады.

Дидар Смағұлов – ҚР БҒМ Ұлттық тестілеу орталығының директоры:

 – Сәуірдің 10-ынан бастап 30-шы маусымға дейін оқушылар грантқа түсу үшін сынақ тапсырады. Балаларда екі мүмкіндік болады. Ең жоғарға нәтижені грант конкурсына пайдалана алады.

Ұлттық бірыңғай тестілеу электрондық форматқа көшірілгендіктен қорытынды жауап бірден экранда көрсетілмек. Яғни, ұл-қыздар мен ата-аналарға бұрынғыдай тест нәтижесін бірнеше сағаттап күтудің қажеттілігі туындамайды. Күмәнді сұрақтар пайда болса, бірден апелляцияға өтініш беруге де мүмкіндік бар. Бұрын мұндай процесс тек келесі күндері жүргізілетін. Сынақ тапсыру уақыты сол қалпы, яғни, 4 сағат көлемінде қалып отыр.

 

 

 

Дана Ешкенова