Ерiктiлер

Өңірде “Қайырымды істер” марафоны бастау алды

“Кең болсаң, кем болмайсың” – бұл сөздер солтүстікқазақстандық еріктілердің ұранына айналған. Өйткені, олар әрдайым көмекке мұқтаж жандардың үйлеріне барып, барынша жәрдемдеседі. Айналаны ақ ұлпадан тазартады, керек болса азық-түлік те жеткізіп береді. Айта кеткен жөн, қаңтар айынан бастап волонтерлер «Жақсылық жаса» акциясы аясында 500-ден астам теріскейлікке көмек көрсетіп үлгерген. «Адамдардың қуанған жүздерін көріп, алғыс айтқандарын естігенде ерекше сезімге бөленемін»,- дейді Орхан Сейдуллахан. 24 жастағы жерлесіміз ізгі істерге студенттік шағынан бері араласып келеді.

Орхан Сейдуллахан – волонтер:

– Студент кезімізде бос уақыт көп болды. Сол кезде уақытымды тиімді өткізіп, басқаларға пайдам тисін деген ниетпен ерікті болуды шештім.  Көмектескен кезде рухани байып қаласың.

Ерікті болу жас талғамайды. Бұған – Сәуле Тахметованың белсенділігі дәлел. Облыстық ардагерлер кеңесінің мүшесі зейнетте болғанына қарамастан әлі күнге дейін қоғамға пайдасын тигізіп келеді. Нәзікжанды замандастарымен бірге түрлі игі шараларға белсене қатысады. Сондай-ақ, жанашыр жандар пандемия кезінде бағасы шарықтап кеткен маскаларды халыққа тегін таратқан. Қайырымдылық шараларының тізімі мұнымен шектелмейді.

Сәуле Тахметова – облыстық ардагерлер кеңесінің мүшесі:

– 2020 жылды Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Еріктілер жылы» деп бекіткен болатын. Сол кезде облыстық ардагерлер кеңесінің жанынан «Ардагерлер қатарындағы волонтерлер» деген атаумен топ құрдық. Осы уақытқа дейін біз «Жақсылық жасауға асық», «Маска», «Таза аула» сынды акцияларға белсене қатыстық. Алдағы уақытта да қайырымдылық шараларын өткізіп, көмекке мұқтаж жерлестерімізге көмектесетін боламыз.

Бірі білсе, бірі білмес. «Еріктілер жылының» жабылу рәсімінде Қасым-Жомарт Тоқаев ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында жалпыұлттық деңгейде «Қайырымды істер» марафоны ұйымдастырылатынын айтқан болатын. Игі шара еліміздің барлық өңірлерінде қолға алынды. Бүгін жақсылық марафоны біздің өлкеге де келіп жетті. Енді әр адам өзгеге көмектесіп, аталған марафонның қатысушысы бола алады.

Асқар Баймұқанов – СҚО ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары:

– «Қайырымды істер» марафоны аясында облыс аумағында әлеуметтік аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға, қарияларға көмек көрсетілетін болады. Бірақ, аталған марафон өзге жандарға қол ұшын созумен ғана шектелмейді. Жалпы, жақыныңызға мейіріммен қарап, жақсылық жасай білейік.

“Қайырымды істер” марафоны жыл соңына дейін жалғасатын болады. Осы орайда жергілікті еріктілер 400-ге жуық игі іс жасауды жоспарлап отыр. Бұл жерде сан маңызды емес, бастысы – мұқтаж жандарды мейірімге бөлеп, барынша қолдау көрсету дейді белсенділер.

 

 

 

Алтынай Қазиқан