МТРА жаңалықтары

Облыс әкімі жұмыс сапарымен М.Жұмабаев ауданында болды

Мына симментал мен голштино-фриз тұқымды сиырлар жергілікті жерге әбден үйренісіп алған. Фермаға ірі қара Австриядан өткен жылы жеткізілген. Мал басын көбейтіп, тұрғындарды молынан ет және сүтпен қамтуды “Полудинское” серіктестігі қолға алды. 2019-да агроқұрылым заманауи кешеннің құрылысына кірісті.

Мирахмед Гасанов, “Полудинское” ЖШС жетекшісі, М.Жұмабаев ауданы:

 – Бүгінге дейін 1 млрд 50 млн теңге жұмсалды. Әлі көлемі 28 де 105 метр болатын 3 база салынады. Ірі қараның 92-сін әкелдік. Жыл соңында олардың саны 800-ге дейін жетеді. Кешеннің жалпы сыйымдылығы 2 мың мал басын құрайды.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Сүт өндірісіне жұмыс қолы көптеп тартылады. Одан бөлек, мемлекеттен дәл осы бағытта еңбек ететін аграрийлерге зор қолдау көрсетіледі. Мәселен, құрылыс-монтаждау жұмыстары мен қондырғылар құнының 25 пайызы субсидияланады. Тағы жем әзірлейтін техника сатып алғандарға бүкіл соманың 50 пайызы төленеді.

Сүт-тауарлы ферма үстіміздегі жылдың тамызында іске қосылмақ. Кәсіпорында сиырларды саууға арналған 40 орын бар. Олардың барлығы неміс қондырғыларымен қамтылған. Аппарат бір сағаттың ішінде 200 бас ірі қарадан сүт алады.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– «Вестфалия» неміс компаниясы өзін жақсы жағынан танытты. Қондырғыларды сататын бірнеше кәсіпорын бар, бірақ “Вестфалия” – өте сенімді, уақыт тексерісінен өткен фирма.

Өңір басшысы аудан орталығына да бас сұқты. Мұнда бос уақытты тиімді өткізуге арналған “Алтын ұрпақ” атты нысан ашылған. Орталықта жеткіншектер қолданбалы өнер, өлкетану сабақтары мен робототехника сынды түрлі үйірмелерге бара алады. Ал келешекте кәсіпкерлікпен айналысамын деген жеткіншектерге бизнестің қыр-сырын қазірден бастап тануларына кең мүмкіндіктер жасалған. Бүгіннің өзінде орталыққа 100-ге жуық бала барып жүр.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Ауылда кәсіп дөңгелетіп отырған жандардың қатарын барынша арттыру керек. Ол үшін мемлекеттен мол мүмкіндіктер ұсынылуда, тиісті қолдау көрсетілуде. Шағын отбасылық ферма ашуға немесе қолөнермен айналысуға болады.

М.Жұмабаев ауданының тұрғындарын жабық үлгідегі хоккей кортының ашылуы да қуантпай қоймады. Нысан дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің дәл жанынан тұрғызылған. Оның құрылысына облыстық бюджеттен 87 млн теңгеге жуық қаржы жұмсалыпты. Жергілікті жас хоккейшілердің жаңа корттағы алғашқы матчында шайбаны ортаға өңір басшысы тастады.

Салтанатты шарада жас хоккейшілерге су жаңа ойын формасы табысталды.

 

 

 

 

Эльмира Садвокасова