Спорт

Мектеп оқушылары арасындағы Х қысқы гимназиада жалғасуда

Барлығы – 200 шаңғышы. Жастары әр түрлі. 2 топқа бөлініп өзара сынға түсуде. Павлодарлық Сергей Коломниковтың жасы 14-те. Шаңғы тебу спортымен 6 жыл айналысады. Аталған спорт түрі үшін аз уақыт емес. Бүгін ол 5 шақырымды еркін жүру стилінде 20 минут 59 секундта еңсерді. Жылдамдығы жөнінен үздік он бестікке ілінді.

Сергей Коломников – жарысқа қатысушы, Павлодар облысы:

– Бұндай жарыстарға жиі қатыстым. Бірақ, Петропавлдағы сайыс қиынға соғуда. Өйткені, шаңғы трассасының биік жерлері көп. Оны еңсеру біраз уақытты алады, күш те таусылады. Дегенмен, көрсеткен нәтижем көңілден шығады.

Ұлдардан кейін қыздар сынға түсті. Бұрымдылар 3 шақырымды барынша жылдам бағындырулары қажет. Олар жарыс трассасына шықпас бұрын бапкерлері шаңғыны жіті тазалап, майлап берді. Бұл спортшының жүрісінің ширақ болуына септеседі. Бүгін жарыстың өтіп жатқанына 3-ші күн. Жеңімпаздар ертең белгілі болады. Жалпы, дүбірлі додаға спортшылар еліміздің 10 облысынан келген.

Сергей Пермин – жарыстың бас төрешісі:

– Петропавлда мектеп оқушылары арасында мұндай дода алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Сынға түсіп жатқан спортшылардың ең үлкені 17 жаста болса, ең кішісі 11 жаста. Барлығы жас болса да мықты спортшылар. Болашақтарынан зор үміт күттіреді.

Ертең – жарыстың соңғы күні. Жасөспірімдер эстафеталық сайыста бақ сынайды. Ұлдар – 5, қыздар 3 шақырымды бағындыратын болады. Қос жарыстың да жеңімпаздары ертең марапатталады.

 

 

 

 

Алдияр Айтпаев