Ауыл шаруашылығы

Қой шаруашылығын дамыту жобасы

Солтүстік Қазақстан ауыл шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының мамандары Еділбай қойын бекерден-бекер таңдамаған. Қазаққа ежелден етене жақын Еділбай етті келеді әрі өзгелерге қарағанда тез өседі. Мәселен, жас төл алғашқы 100 тәулікте күніне кем дегенде 195 гр салмақ қосады екен. Жүні де жұмсақ, терісі де қолданысқа қолайлы. Бір әттегені, Шопан ата төлінің бұл тұқымы аққайыңдар өлкесінде кең таралмаған. Оны өсіретін серіктестіктер саусақпен санарлық. Шөбі шүйгін, суы мол өңірімізде көрсеткішті арттыру керек. Сол себепті, институт мамандары арнайы жоба әзірлеп, Ауыл шаруашылығы министрлігіне жолдапты. Қолдауды қажет ететін бастама 2 бағыттан тұрады. Біріншісі – селекцияға, екіншісі технологияға негізделген.

Данияр Жантілеуов – Солтүстік Қазақстан ауыл шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты мал шаруашылығы бөлімінің меңгерушісі:

–  Селекция дегеніміз – осы тұқымның ішіндегі жақсы малдарды іріктеп, әсіресе, қошқарларды іріктеп, солардың іздерін алып, біздің өңірде тарату. Экстерьеріне, салмағына қараймыз. Іріктеп-іріктеп таратамыз.

Енді технологияға келейік. Отандық ғылымда Еділбай қойының генетикасын нығайту бойынша арнайы әдістеме бар екен. Бірақ, ол біздің облыста қолданылмапты. Міне, соны іргелі институт өкілдері жүзеге асырып көрмекші.

Данияр Жантілеуов – Солтүстік Қазақстан ауыл шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты мал шаруашылығы бөлімінің меңгерушісі:

–  Қой шаруашылығында тәуліктік өсу деңгейін көтеру үшін премикс, протеин қолданамыз. Біздің елімізде шығарылатын басқа да қоспаларды алып, қойларды азықтандырып, өсу деңгейін арттырғымыз келеді.

Данияр Жантілеуов жоспарымыз жүзеге асса, малдың тірідей салмағы 10-15 процентке артады деген сенімде. Ең бастысы, жобаны министрлік мақұлдап, мемлекеттен қаржы бөлінуі қажет. Осы орайда солтүстікте Еділбай қойы өсіп-өне ала ма, жергілікті климатқа қаншалықты бейімделген деген сұрақ туындайды. Тұяқтылардың аяқтары ұзын келгендіктен қыстың өзіңде оңай жайыла алады екен. Айта кетейік, институт өкілдері жоба қолдау тапса, соңғы уақытта сұраныс төмендеген Еділбай қойының жүні мен терісін де пайдаға жарату жағын ойластырамыз дейді. Жоспар бойынша министрлік сәуірдің соңында қорытынды шығаруы тиіс.

 

 

Байболат Бектемірұлы