Ерiктiлер

Еріктілер қарияларға көмек көрсетті

Семён Пропащев – тыл еңбеккері. Ол Амангелді көшесіндегі жер үйлердің бірінде тұрады. “Биылғы қыс әбден әлекке салды”,- дейді сексеннің сеңгіріне шыққан қария. Сергей Пимонович тізеден келетін оппа қарды қайта-қайта тазалап қажыған. Бүгін жергілікті жастар көмекке келді. Әрқайсысының қолында күрек пен қары төгуге арнап сайлаған шаналары бар.

Семён Пропащев:

– Аулам кішкентай-ақ болғанымен, қар өте көп. Оның бәрін өзім тазалайын десем мұршам келмейді. Анда-санда балам келіп, көмектесіп тұрады. Ал волонтерлер осымен 6-шы рет келіп отыр. Аумақтағы бүкіл қарды сыртқа шығарып берді. Көрсеткен көмектеріне алғысымды айтамын.

Семён Пимонович зайыбымен бірге тұрады. 83 жастағы Валентина Пропащева жұбайына ұдайы көмектесіп тұрыпты. Желтоқсан айында ауласында абайсызда құлап қалып, аяғын сындырып алған екен. Бір ай бойы гипспен жүріпті. Бүгін зейнеткердің жағдайын білу үшін үйлеріне медициналық еріктілер де келіп отыр.

Медициналық еріктілер қан қысымын өлшеп, Валентина Яковлевнаның халін білді, қандай дәрі ішіп жүргенін сұрастырды. Зейнеткердің көкейіндегі сұрақтарға да жауап берді.

Виктория Искакова – медициналық ерікті:

– Волонтер ретінде алғаш рет көмек көрсетіп отырмын. Шыны керек, сәл-пәл қобалжыдым. Бәрі ойдағыдай өтті. Зейнеткер бізге алғысын білдіріп, тәттілер үлестірді. Валентина Яковлевнаның жағдайын жақсы деп бағаладық. Жалпы, қарияларға көмектескен өзіме ерекше ұнайды. Алдағы уақытта да қолғабыс етіп тұрамын.

Аталған шаруаның барлығы өңірімізде бүгін бастау алған “Қайырымды істер” марафоны аясында жүзеге асырылуда. Бұл бастама жыл соңына дейін жалғасын таппақ.

Азат Мұхамеджанов – қалалық жастар ресурстық орталығының жетекшісі:

– Қазір басымдықты қар тазалау жұмыстарына беріп отырмыз. Дәл осы мәселеге қатысты бізге күн сайын өтініштер келіп түседі. Жыл басынан бері орталық белсенділері 50-ден астам тұрғынға қолғабыс етті. Алдағы уақытта игі іс жасауға волонтерлерден бөлек, қалалық әкімдік қызметкерлерін де тартуды көздеп отырмыз.

Айта кетейік, бүгін қалалық жастар ресурстық орталығының волонтерлері мен медициналық еріктілер 4 үйге барып, қолғабыс етті.

 

 

Жанна Бисенова