Экология

Бәйтерек ауылының маңындағы қоқыс орнына қатысты мәселе талқыланды

Қызылжар ауданына қарасты Бәйтерек ауылының маңындағы мәселе 2017 жылдан бері көтеріліп келеді. Жақында қоқыс үйіндісі орналасқан жерге облыстық экология департаментінің өкілдері барып, сараптама жүргізіпті. Зерттеу нәтижесін қорытындылай келе, жергілікті ауылдық округтің әкімі жауапкершілікке тартылған. Мамандардың айтуынша, елді мекеннің іргесіндегі қоқыс тастау орны заңдастырылмаған.

Жаслан Садуев – СҚО бойынша экология департаменті басшысының орынбасары:

– «Қазақстан Ғарыш Сапары» ұлттық компаниясының қызметкерлері жерсеріктік бақылау жүргізумен айналысады. Олар былтыр өңірімізде бей-берекет орналасқан 580 қоқыс орнын анықтаған. Нәтижесінде бейінді департамент пен жергілікті атқарушы орган өкілдері қоқыс үйінділерін жою туралы жоспар құрады. Бүгінде істің 80 пайызы аяқталды.

Қоқыс тастау орнын заңдастырмау – бірінші мәселе болса, екінші сұрақ – аумақтың дұрыс орналаспауында. Жиын қатысушыларының сөзінше, Бәйтеректің іргесіндегі қоқыс тастайтын орын Есіл өзенінен – 4 шақырым, ал ауылдан жарты шақырым қашықтықта тұр. Бұл – экологиялық талапқа кереғар. Сөз алғандар елді мекеннің іргесіндегі заңсыз орынды жою қажет екендігін алға тартты.

Алексей Юргель – Бескөл ауылдық округі әкімінің міндетін атқарушы, Қызылжар ауданы:

– Сол жердегі қоқысты бөліп тастау керек. Сосын бір бөлігін қайта өңдеуге жіберіп, өңделмейтіндерін көміп тастау қажет деп ойлаймын. Бірақ, Петропавлда қоқыс өңдейтін бір-ақ серіктестік бар. Кәсіпорын басшылығы қосымша қалдықтарды қабылдауға әлі әзір емес екендіктерін айтты. Бізге басқа кәсіпкерлермен келіссөздер жүргізіп, мәселені шешу жолдарын қарастыру қажет.

Сонымен қатар, қазір мамандар Бескөл ауылдық округінде жаңа қоқыс тастау орнын құруды қарастыруда. Бірақ, ол үшін арнайы аумақ табу қиындық туғызып жатқан көрінеді. Себебі, лайықты деген учаскелердің дені бос емес екен. Жиында өңірде қоқыс өңдейтін кәсіпорындардың санын арттыру қажеттігі тілге тиек етілді. Айта кетейік, бүгінде облысымызда рұқсат етілген 15 қоқыс полигоны бар.

 

 

 

Бердимурат Баймухан