Денсаулық сақтау

Өңір аудандарында дәрі-дәрмек төмендетілген бағамен саудаланбақ

Енді өңір аудандарында коронавирусқа қарсы дәрі-дәрмек төмендетілген бағамен саудаланбақ.

Өткен жылдың қараша айында өңірде коронавирусқа қарсы препараттардың бағасын реттейтін тұрақтандыру қоры құрылған болатын. Бүгінге дейін бұл ұйыммен Петропавлда – 6-ау, ал аудандарда 2 дәріхана жұмыс істеп келді. Жуырда аталған қор аудан орталықтары мен шалғай орналасқан елді мекендердегі дәріханалармен және амбулаториялармен белгілі бір дәрілерді 18-20 пайызға арзандатып сату жөнінде келісім жасасты. 28 аталымнан тұратын тізімге вирусқа қарсы, антибактериалды және дене қызуын түсіретін препараттар кіреді. Айта кетейік, бұл дәрілердің 70 пайызы – отандық, ал қалған 30 пайызы Ресейден жеткізіледі.

Мұрат Жәкенов – «NordFarmMarket» ЖШС директоры:

– Жуырда аудандық ауруханалардың бас дәрігерлерімен және жеке меншік дәріхана басшыларымен кеңес өткіздік. Жиын барысында аудандарда дәрі-дәрмекті арзандатылған бағамен саудалау жөнінде келісім шарт жасастық. Келісімнің аясында 18-20 пайызға арзандатылған медикаменттерді ауылдық жерлерден де алуға мүмкіндік тумақ. Қордың басты мақсаты – дәрі-дәрмек тапшылығын жойып, бағаны тұрақтандыру. Бүгінде біздің қорда препараттардың 19 мың тоннасы бар.

Дана Ешкенова