Қоғам

Өңірде жұма намазын жамағатпен оқуға рұқсат берілді

Азан шақырылып, жұма намазы оқылып жатыр. Жамаған Алланың жердегі үйіне жиылмағалы көп болды. Жиналмауға сол баяғы коронавирус себеп болды. Карантин қағидалары жеңілдетілгенімен, сақтық ережелері күшін жойған жоқ. Мешітке келген әр кісінің дене температурасы өлшенеді, адамдар мұнда маскамен жүреді және қолдарын антисептикпен өңдейді. Бұл – санитарлық талаптардың бір бөлігі ғана. Қызылжар жұрты осында келіп, құдайға құлшылық етуге асықтық дейді.

– Мешіттерге рұқсат берілгеніне қуаныштымын. Бұрын жұманы үйде оқитынбыз.

– Жұма намазы мешітте жамағатпен оқылатынын ести сала баламды қасыма алып, ерте келдім.

Ағайынның құлағына алтын сырға! Қабылданған қаулыға сәйкес, Алланың жердегі үйіне адамдар дәрет алып келулері тиіс. Нәзікжандылар мен аға буын өкілдеріне деген өтініш те бар. “Жүкті әйелдер мен 65 жастан асқан солтүстікқазақстандықтар үйлерінде құлшылық еткендері дұрыс дейді”,- облыстық “Қызылжар” орталық мешітінің наиб имамы Аян Алыпқашев.

Аян Алыпқашев – облыстық “Қызылжар” орталық мешітінің наиб имамы:

–  Жұма намазына мінәжат етушілерге 15 минут уақыт беріледі. Кейін мешітті залалсыздандыру жұмыстары жүргізіледі. Намаз оқуға бір адамға арнайы белгілермен 2 метр жер белгіленіп беріледі. Пайғамбарымыздың өзі кімде-кім жұма намазына асығып, хош иісін сеуіп, киімін реттеп мешітке келетін болса, оның әр қадамына сауап жазылады деген екен.

Бүгін 50-ден астам жерлесіміз сауапқа кенеліп, жұма намазына қатысты. Ал жалпы “Қызылжар” орталық мешітінің намаз оқылатын залына мыңға тарта адам сыяды екен. Індетке байланысты мешіт ағайынның тек 30 пайызын ғана қабылдай алады.

 

 

 

 

Алдияр Айтпаев