Қоғам

Әлихан Бөкейханов – ұлттық Тәуелсіздіктің жаршысы

Әлихан Бөкейхановқа арнау. Бұл жүрекжарды туындыны жергілікті университеттің студенті Диас Аяған кеше ғана жазыпты. Жас ақын қазақтың қоғам және мемлекет қайраткерін үлгі тұтады. Алаш арысының саяси күресте көрсеткен ерліктерімен жақсы таныс.

Диас Аяған – жас ақын:

– Әлиханның жасаған әр ісі – бүгінгі жас ұрпаққа үлгі болары сөзсіз. Ұлы тұлға армандаған тәуелсіздікке біз жетіп отырмыз. Сондықтан, бабаларымыздың арманын жүзеге асырып, мақсатын аяққа таптамай, шаңырақты биік ету – біздің мойнымызда.

Расымен де, Әлихан Бөкейханов – қылышынан қан тамып тұрған заманда еліміздің тәуелсіздігі үшін тынбай тер төккен зиялы қауым өкілдерінің бірі. Батырлардың бірегейі десек те артық етпес. Қазақ ұлы большевиктер көрсеткен қысымға қарамай өз басын қауіпке тігіп, билікке қарсы күрескен.

Жақсыбай Самрат – “Егемен Қазақстан” газетінің меншікті тілшісі:

-17-ші жылдың ақпанында Патшаның құлағандығын айтып, қазақтың беткеұстар азаматтарына хабар береді. «Енді елге бекем болу керек. Бірігіп, оянайық!»- деген.

Қалың қазақ жұрты оянды. 17-ші жылы бірліктің арқасында тарих беттерінде алтын әріптермен жазылып қалған Алаш автономиясы құрылды.

Жақсыбай Самрат – “Егемен Қазақстан” газетінің меншікті тілшісі:

– Жеріміздің аумағын Әлихан бастаған алаштықтар алып қалды. Ленинге барып қол қойғызған. Әйтпесе, Шығыс, Батыс Қазақстаннан айырылып қала жаздадық.

Қиын-қыстау заманда Әлихан Бөкейхановты қолдаған жандар аз болмады. Алаштықтар соңғы демі қалғанша елім, жерім деді. Мұны көрмеге қойылған құжаттармен таныса отырып білуге болады. Тарихи естеліктер Қозыбаев университетінің студенттері мен Әскери институттың курсанттарына таныстырылды.

 

 

 

 

Маржан Касымбек