МТРА жаңалықтарыТұлға

Өңірде мемлекеттік қызметшілердің жартысынан астамы – нәзікжандылар

Күндегі тірлік. Жұмыс кабинеті. Үстелде – толған құжаттар. Бұл аздай, электронды поштаға да хаттар үздіксіз түсіп жатыр. Бұл Ләзім Мияшева үшін таңсық дүние емес. Бәрін оқиды, бәріне жауап береді, шешімін біледі. Не дегенмен, бақандай 34 жыл еңбек өтілі бар. Ләзім Ысмағұлқызы қызметін зауытта қарапайым жұмысшыдан бастаған. Кейін уақыт өте келе ішкі істер органдарына ауысады. Сан сала, тәжірибе таудай. Білікті маман соңғы 6 жыл бойы облыстық тұтынушылар құқығын қорғау департаментіне жетекшілік етуде.

Ләзім Мияшева – СҚО тұтынушылар құқығын қорғау департаментінің басшысы:

– Еңбек жолымды Қарағанды политехникалық институтын бітіргеннен кейін 1987 жылы бастадым. Инженер болдым, технолог, зауытта цехта шебер болып та еңбек еттім. Кейін ішкі істер органдарына ауысып, подполковник шеніне дейін көтерілдім. Ал 2015 жылы қызмет жолымдағы жаңа кезең – тұтынушылар құқығын қорғау бөліміне жетекші маман болып орналастым.

Әр қызметтің өзінің қиындығы мен қызығы бар. Жұмыс көп, азайған емес. “Бос уақыт тапшы”,- дейді нәзікжанды. Қолы қалт ете қалса бүкіл бос уақытын отбасына арнайды. Ләзім Мияшева жан дегенде жалғыз ұлынан немере сүйіп отыр. Ардақты, асыл әже. Демалыс күндері мен мерекелерде отбасымен жиналып демалғанды жақсы көреді. Немересін еркелетеді, әжелік мейірімін төгіп, тәрбиесіне көңіл бөледі.

Ләзім Мияшева – СҚО тұтынушылар құқығын қорғау департаментінің басшысы:

– Отбасым менің отставкада болсам да әлі жұмыс істеп жүргеніме түсіністікпен қарайды. Қоғамға өз пайдамды тигізуге тырысудамын. Қол қусырып отырғанымды тіпті елестете алмаймын. Маған қозғалыс керек, адамдардармен араласқанды қалаймын. Біздің департаментте кадр саны көп емес, соған қарамастан азаматтардан түсетін өтініш-шағымдар бойынша ауқымды жұмыс тындыру қажет. Тұтынушылардың құқығын бұзған кәсіпкерлерге бәрін түсіндіру керек.

Ләзім Ысмағұлқызы – жауапкершілігі зор, өз ісінің жілігін шағып, майын ішкен маман. Саладағы әріптестері ол туралы осындай пікірде. Облыстық тұтынушылар мен кәсіпкерлер құқығын қорғау қауымдастығының төрайымы Надежда Дубовая Ләзім Мияшевамен 6 жыл бойы етене жұмыс жасап келеді.

Надежда Дубовая – СҚО тұтынушылар мен кәсіпкерлер құқығын қорғау қауымдастығының төрайымы:

– Ләзім Ысмағұлқызының көп уақытын жұмыста өткізетініне таң қаламын. Қызметі оңай емес. Көп уақыт бойы біраз шаруаны өзі жалғыз тындырды. Көмекшілері болған жоқ, жұмысын адал атқаратын жан.

Солтүстік Қазақстан облысында мемлекеттік қызметте 4 мыңнан астам адам қызмет етеді. Оның 60 пайыздан астамы – әйел адамдар. Бұл өңірде гендерлік саясаттың сәтті іске асып жатқанын білдіреді.

 

Алдияр Айтпаев