Әр түрлі

Солтүстікқазақстандық Дамир Макимкенов тағы бір фильм түсірді

Жол-көлік апаты орын алмағанда бұл азаматтың тағдыры мүлдем басқаша болуы мүмкін еді. Ол үйіндегі жүкті әйелі мен әлі дүниеге келіп үлгермеген баласына асығып бара жатқан болатын. Алайда, Марат есімді жігіттің өзінің және өзгенің өміріне немқұрайлылық танытып, масаң күйде көлік тізгіндегені үшін осындай жағдай орын алып отыр. Жігіт көлік апатына ұшырап марқұм болды, жары асыраушысыз қалды. Ал анасының құрсағындағы 7 айлық сәби енді өмір бойы әке мейірімін сезіне алмайды. Бұл – Бескөл ауылында жуырда ғана түсірілген «Дело №315» қысқа метражды фильмінің үзіндісі. Оның авторы – жерлесіміз Дамир Макимкенов. Мұндай туындының дүниеге келуіне соңғы кездері жиілеп кеткен жол-көлік оқиғалары себеп болыпты. 26 жастағы жігіт бұл бейнеролик арқылы алкогольдік ішімдікті қабылдағаннан кейін рөлге отырудың қаншалықты қауіпті екендігін көрсеткісі келген. «Бұдан тек бір адам ғана емес, толық 1 отбасы зардап шегуі мүмкін»,- дейді жас режиссер.

Дамир Макимкенов – «Дело №315» қысқа метражды фильмінің режиссері:

– Фильмді түсіру барысында қиындық сот процесін түсіруде туындады. Себебі, ол жерде 9 актер болды. Олардың барлығын бір кезде жинау оңайға түспеді. Бір күні жинаған кезде маңызды актерлердің уақыттары болмай қалатын. Сол үшін басқа күнге ауыстырып отыруға тура келді. Ал ол кезде камера болмай қалып жатты. Сөйтіп-сөйтіп, әйтеуір бір күнге келтірдім.

Қысқа метражды фильмнің сценарийін жазуға 2 аптадай уақыт кетіпті. Ал түсірілім 3 айға созылған. Фильмге түскен актерлер кәсіби мамандар емес. «Соған қарамастан, өз рөлдерін жақсы сомдап шықты»,- дейді Дамир Макимкенов. Жалпы, бейнероликке 17 актер тартылған. Басты рөлдердің бірі Азат Қайырбаевқа бұйырыпты. Ол роликте жағымсыз кейіпкерді сомдайды. Жас актер байдың бұзық баласын сомдау барысында қиындықтар туындамағанын айтты.

Азат Қайырбаев – «Дело №315» қысқа метражды фильмінің актері:

– Фильмде көп сөйлеген жоқпын. Негізінен, түрмен, эмоциямен ойнадым. Өзім шығармашыл адаммын. Осыған дейін түрлі көңілді шараларға, мысалы КВН ойындарына қатыстым. Аз болсын тәжірибем бар деп айта аламын. Сондықтан, мас жүргізушінің кейпіне ену аса бір қиындық туғызбады.

Жалпы, бұл бейнеролик 12 минутқа созылады. Туынды – Дамир Макимкеновтың өзі жеке түсірген 3-ші қысқа метражды фильмі. Бейнеролик орыс тілінде түсірілген. Болашақта жас режиссер қазақ тілінде тың дүниелерді жарыққа шығаруды жоспарлап отыр.

 

 

Алтынай Казиканова