МТРА жаңалықтарыТұлға

Өңірде 33 ауылдық округтің әкімі – әйел адамдар

Людмила Малкованың мамандығы есепші. 25 жылдық жұмыс өтілі бар болса, соның тең жартысын мемлекеттік қызметте жинақтаған. 3 жыл бұрын еңбекқор нәзікжанды Налобин ауылдық округінің әкімі болып тағайындалады. Бұл лауазымға тағайындалғалы бері маман жергілікті халықтың игілігі үшін қызмет етіп келеді.

Людмила Малкова, Налобин ауылдық округінің әкімі:

– Мен бұл әкімдікте еңбек жолымды әскери есеп бөлімінің маманы ретінде бастадым. Содан кейін салық жинау бойынша бас маман болдым. Мемлекеттік қызметте біраз тәжірибе жинаған соң өзімді ауылдық округтің әкімі қызметіне ұсынуды жөн көрдім.

Людмила Малкова Налобин ауылында туып, өсіп-өнген. Содан кейін Ақмолада жоғары білім алып, туған ауылына қайта оралған. Әкім барлық тұрғындармен етене араласады. Оларды толғандырған мәселелерді тез шешуге тырысады.

Людмила Малкова, Налобин ауылдық округінің әкімі:

– Әрине, жаяудың шаңы шықпас демекші, маған менің әріптестерім де көмектеседі. Бізде кадр тапшылығы жоқ. Мамандарымыз тәжірибелі.

Ауылдық округ әкімінің қарамағына Дубровное, Гайдуково, Николаевка және Налобино ауылдары кіреді. 3 жыл бойы Людмила Малкова ауылдың дамуына зор үлес қосты. Су, жол мен жарықтандыру мәселесін шешкен. Әкім мұнымен тоқтап қалмақ емес. Людмила Малкованың округті абаттандыру бойынша әлі де көптеген жоспарлары бар.

 

 

 

Жанна Бисенова